Астанадағы Қызылорда облысының мәдениеті мен өнер күндері

Орталық коммуникациялар қызметінде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Астанадағы Қызылорда облысы күндеріне арналған баспасөз-конференциясы өтті, деп хабарлайды NewTimes.kz.

Конференцияға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов пен жауапты басқарма басшылары қатысып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мәдениет күндеріне арналған шаралар жайлы баяндады.

«2012 жылы Қызылорда облысы әлеуметтік экономикалық дамуы жөнінен еліміз бойынша 16 орында болса, 2013 жылдың қорытындысымен алғашқы бестіктің қатарынан көрінді. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды. Әсіресе, құрылыс, өңдеу өнеркәсбі және инвестиция тарту салаларында тұрақты өсім бар. Құрылыс, оның ішінде баспана салу бойынша 306,9 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 138%-ға артық. Тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша біз бүгінде Астана, Алматы қалалары және Маңғыстау облысымен қосқанда үздік төрт көшбасшы құрамындамыз. Мемлекет қаражатының есебінен ағымдағы жылдың басынан бері 980 пәтерлік 19 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 1809 пәтерлік 41 көппәтерлі үй, оның 11-і халықтың әлсіз қорғалған топтары үшін (яғни, жалгерлік тұрғын үй) пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.Өздеріңіз білетіндей, біз Қызылорда қаласының сол жағалау бөлігін игеруге барынша кірісіп кетті. Бұған бізді тұрғындар санының және урбанизация деңгейінің өсуі жетелеп отыр. Қазірдің өзінде алғашқы болып 18 көпқабатты үйлерден тұратын шағын аудан, балабақша, жастарға қызмет көрсету орталығы, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысы басталды» ― деп мәлімдеді облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов.

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Қызылорда облысының Астана қаласындағы мәдениет күндері 10-15 тамыз аралығында өтеді. Оған облыстан 270-ке жуық өнерпаз қатысады. Мәдениет күндері 10 тамызда сағат 19.00-де М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында облыстық Нартай Бекежанов атындағы драма театр ұжымының сахналауымен Иран Ғайыптың «Қорқыт» спектаклімен ашылады. Спектакльге шығарма авторы Иран Ғайып қатысады» деп баяндады облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов.

Мәдени шаралар. 10-20 тамыз күндері Қазанат ипподромының аумағындағы этноауылда «Сыр шежіресі» атты қолөнер шеберлерінің және облыстың тарихы мен мәдениетіне арналған көрме жұмыс жасайды. Этнографиялық көрмеде облыстық тарихи-өлкетану музейі ұсынған аймақтың мәдени мұрасы мен тарихы дамуын паш ететін экспонаттар ел назарына ұсынылады.

Этоноауылда аймақ қолөнершілері «Шығыс базары» жәрмеңкесіне қатысып, өз тауарларын сатады. Көрмеге республикаға белгілі 25 қолөнер шебері қатысады. Олар әрбір қонаққа   зергерлік әшекей бұйымдары мен киіз үйдің бау-шуларын жасап, киіз басу, сүйек өңдеу,  тоқыма тоқудан шеберлік кластарын көрсетеді. 13 тамызда «Сыр сүлейін сұрасаң» атты жыршы-термешілердің, Тұрмағамбет оркестрі мен Ақмешіт ансамблінің концерті өтеді.

Қызылордалық өнерпаздардың кішкентай астаналықтарға да арналған тартуы бар. 11 тамызда  облыстық филармония жанындағы «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясы  кішкентай көрермендер үшін «Мазасыз тиін» қойылымын сахналайды.  Мәдениет және өнер күндері 14 тамызда «Сырдария-Жырдария» атты Сыр елінің өнер жұлдыздарының гала концертімен қорытындыланады.

Спорттық шаралар. 12 тамызда Сыр елінің спортшылары ұлттық спорт түрлерінен жарысады. Аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату секілді ұлттық ойындар ойналады. Қазақы құмай тазылардың көрсетілімі өтеді.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі. 12-13 тамыз күндері еліміздің бас шаһарында Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Бұл жәрмеңкеде 60 млн. теңге шамасындағы 260 тоннаға жуық ауылшаруашылық өнімдері сатылады. Осыған дейін Астанада екі рет Ақмола, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарымен бірігіп, өңіраралық ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізілген болатын. Бұл жолы сырбойылықтар Алматы облысымен бірігіп Елордадағы «Қазақстан» спорт кешенінің автотұрағында жәрмеңке ұйымдастыруда. Жәрмеңкеде Қызылорда қаласы мен облыстың 7 ауданындағы 30 шаруашылық 15 автокөлікпен 40-тан аса өнім түрлері елордалықтарға төмен бағамен ұсынылады. Оның ішінде күріш – 60 тонна, жылқы еті – 3 тонна, тауық еті – 1 тонна, сүт өнімдері – 4 тонна, қымыз және шұбат 1 тонна, балық — 15 тонна, қияр мен қызанақ – 20 тонна, картоп – 35 тонна, сәбіз – 8 тонна, қырыққабат — 10 тонна, ас тұзы – 5 тонна, қауын – 40 тонна, қарбыз – 50 тонна т.б. өнімдер.

Өңірдің индустриалық дамуы. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде соңғы 3 жылда өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсімді көрсетіп отыр.  Өңдеу секторындағы өндіріс көлемі жыл басынан бері 9,4%-ға, өткен 2013 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге (151,2%) артқан. Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында құны 610 млрд.теңгені құрайтын, іске қосылғанда 6,2 мың адамды жұмыспен қамтитын 24 жоба жүзеге асырылуда.Бағдарламаның бірінші бесжылдығы аясында 17 жоба іске қосылған болса, екінші бесжылдық аясында іске асырылатын 24 жобадан бүгінгі күні 3 жоба іске қосылды. 2017 жылдың 6 айында барлық іске қосылған жобалар арқылы 8,7 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемінің 11% құрады. Атап өту қажет, индустриалық жобалар бұрын 8 елге өнімдерін экспортқа шығарса, 2017 жылдан бастап 10 елге өнімдерін экспортқа шығара бастады. 2017 жылдың 6 айында экспорт көлемі былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 56% артты.

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий