«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басшысына іс қозғалды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы жетекшісі Абылай Мырзахметовтің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын растады. Бұл жөнінде ҚазТАГ агенттігі хабарлады.

«Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын растаймыз. Тергеу шаралары жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, қалған ақпарат таратуға жатпайды» деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазақстанның ақпарат құралдары Мырзахметов ұсталғанын да хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, ол 30 млн доллар көлемінде пара алды деген күдікке ілінген. Мырзахметовтің тағылған айыптарға қатысты пікірі жөнінде ақпарат жарияланбады.

Абылай Мырзахметов «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы қызметін 2013 жылғы қыркүйек пен 2022 жылғы ақпан аралығында атқарған. Былтыр Қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен кеткен.

1998-2001 жылдары ол «Қазақстан темір жолы» компаниясын басқарған. Ізінше көлік және коммуникация министрі болып тағайындалған. 2002 жылы үстінен іс ашылып, 2003 жылы «мемлекет мүлкін жымқырды» деген айыппен бес жылға сотталған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий