Нұрлан Ноғаев. Фото әлеуметтік желіден алынды
2012 жылдың тамызында Атырау облысына парламенттен Бақтықожа Ізмұхамбетов келген кезде, қашқын Бергей Рысқалиевтің ұйымдасқан қылмыстық тобы бойынша тергеу аясында оның үш орынбасарының орны бос қалған еді. Олардың орнына Ізмұхамбетов Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тұрған кезде (2008 жылдың тамызы – 2012 жылдың қаңтары) сыннан өткен бірінші орынбасар Ғұмар Дүйсембаевпен оның орынбасары Тимуржан Шәкімов жайғасты.
Оның айқын қамқорлығындағы тағы бір адам – Шыңғыс Мұқан Атырауда облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Осындай лауазымды атқарған республикадағы ең жас адамның мансабы қарқынды болды деуге болады. Қазір ол АҚШ-та «Болашақ» бағдарламасы бойынша өзінің саяси біліктілігін арттыруда.
Ізмұхамбетовтің тұсында Атырауда тіпті облыстық ІІД бастығы да ауысты. Сол атаулы 2012 жылдың тамызында бұл орынға Оралдан осы лауазымды атқарған Арман Жалмұхамбетов ауысты. Өткен жылдың тамызында ол ІІМ-нің кадрлық резервіне ауыстырылды.
Жаңа әкіммен бірге сол кезде облысқа ҰҚКД-нің жаңа бастығы – Ақдарбек Кенжебеков те келді. Ол бұған дейін Батыс Қазақстан облысының ҰҚКД-не басшылық еткен болатын. Биылғы жылдың наурызында ол Ізмұхамбетовтен кейін Атыраудан кетіп қалды. Ашық дереккөздерде оның жаңа жұмыс орны туралы мәліметтер жоқ. Оның орнына Талғат Әлімжанов тағайындалды.
Ізмұхамбетов мәжіліс депутаты болып сайланып, Астанаға кетті, оның орнына көрші облыста тәрбиеленген тағы бір кадр – Нұрлан Ноғаев жайғасты. Ол Ізмұхамбетов Батыс Қазақстан облысына әкім болып тұрған кезде 5 жыл бойына оның орынбасары лауазымын атқарған болатын (патронын алдымен парламентке және одан кейін Атырауға ауыстырған кезде, оның өзі Батыс Қазақстан облысының әкімі болды).
Нұрлан Асқарұлы Атырау облысына әкім болған алғашқы күндерден бастап кадрлардың тапшылығына шағымданған болатын, алайда мұраға қалған орынбасарларды ауыстырмады. Тек мамырда ол жергілікті дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығын көрші облыстағы осындай лауазымды атқарған Азамат Бекетке ауыстырды.
Ал ол шамасы жергілікті кадрлардың оралдық кадрлармен ауыс-түйіс мәселесін өзі жүргізген шығар. Мәселен, «Атырау» ФК мен орталық бассейн басшылығын.
Шілдеде Ноғаев Атыраудың жаңа әкімін тағайындады. Серік Шапкенов Атырауға формальды түрде Астанадан келіп, президент әкімшілігіндегі бөлімдердің бірінде жұмыс істеп үлгерген, ал іс жүзінде сол Орал қаласында шенеунік болып қалыптасқан.