Атырау облысында тұрғындар наразылығынан кейін Қиғаш өзеніне жол ашылды (видео)

Атырау облысы Құрманғазы ауданының Ресеймен шекаралас жатқан Көптоғай ауылы маңына орнатылған қоршаулар халық наразылығынан кейін алынды. Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мұрзиев жергілікті ақпарат құралдарына берген сұхбатында қоршаулардың бұзылғанын хабарлаған.

– 13-16 сәуірде жергілікті тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазір малды және егінді суғару үшін өзенге жол ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Оған ешқандай кедергі жоқ, – деді Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мұрзиев ақпарат құралдарына.

Өткен аптада Қазақстан-Ресей шекарасындағы қоршау орнату жұмыстары жергілікті халықтың наразылығын туғызған. Тұрғындар оның заңға қайшы жүргізіліп жатқанын алға тартқан. Ауыл тұрғындары атап айтқанда, соның салдарынан ауылға жақын өзенге баратын жол жабылып, малдарын суғара алмай қиналғанын айтқан.

Биліктің айтуынша, бұл жұмыстар 2005 жылы 18 қаңтарда Қазақстан мен Ресей арасында қол қойылған келісімге сәйкес жүргізіліп отыр. Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі өкілінің сөзіне қарағанда, 2020 жылы «Көптоғай елді мекені аумағындағы инженерлік жұмыс жолақтарын айқындау кезінде № 23 және 24 шекаралық белгілер арасында бұрын орнатылған ұзындығы 1500 метр болатын қоршаудың Ресей аумағына 70 метрге дейін кіріп кеткені анықталған».

«Жұмыс тобының өзара келісіміне сәйкес, қазір Қазақстан аумағында жоғарыда аталған қоршауды бұзу және қайта орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр» деді Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің тәрбие және кадр жұмыстары бөлімінің басшысы Ардақ Әмірғалиев жексенбі күні жергілікті БАҚ-қа.

Шекара қызметінің хабарлауынша, көптоғайлықтар егін және мал суғаратын Қиғаш өзенінің негізгі бөлігі Қазақстан аумағында қалмақ.

Қоршау орнату жұмыстары әлеуметтік желіде сынға ұшырады. Кейбір белсенділер азаматтарды митингіге шығуға шақырды.

Демалыс күндері кешке интернетте Көптоғай ауылы маңындағы «қоршауды бұзып жатқаны туралы» видео пайда болды. Кадрда әскери форма киген адамдардың бағандар мен сымдарды алып тастап, жүк көлігіне салып жатқаны көрінеді. Кадр сыртындағы дауыс аталған видеоның 18 сәуірде түсірілгенін айтады.

Ганюшкино ауылының батысына қарай 50 шақырым жерде орналасқан Көптоғай ауылында шамамен мың адам тұрады.

centralasian.org

Комментарий (0)
Добавить комментарий