Бүгін, 9 шілдеде Атырауда теңіз жақтағы қамыстың жанып жатқанына төртінші күн болды. Атырау облыстық ТЖД баспасөз қызметінің бүгін таңғы мәліметінше, бықсып жанған қамыс өрті 690 гектарға жеткен.
Атырауда 7 шілдеден бері күн 42 градусқа дейін ысып тұр. Өрт 6 шілдеде Атырау қаласының маңындағы Кеңөзек ауылдық округінен 30 шақырым жерде Каспий теңізінің жағалауында басталған.
Сол күні кешке Кеңөзек ауылы, ертеңіне қала маңындағы Алғабас, Ақсай, Ақжар ауылдарын түтін басқан. Түтін иісі Атырау қаласына да жеткен.
— Түтін иісінен далаға шыға алмай қалдық. Түтінді айдап кететін жел де тұрмай қалды. Жылда болатын жағдай бұл. Өткенде ауыл әкімдігі өрт сөндірейік ауыл тұрғындарынан көмек сұрады,- дейді Алғабас тұрғыны Құрманбек Өмірзақов.
Атырау облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, елдімекендерге тікелей қауіп жоқ, батпақ жердегі бықсыған қамысты қарапайым техникамен өшіру қиындаған соң МИ-8 тікұшағы да тартылып, төбеден 60 тоннаға жуық су төгілген.
Алайда жергілікті тұрғындардың әлеуметтік желідегі пікірлеріне қарағанда қамыс өрті елдімекендерге әсер етіп жатқанға ұқсайды. Фейсбук әлеуметтік желісін қолданушы Алтынай Серікбай «Мына түтіннен Жаңаталап ауылдың тұрғындары құсып, басы ауырып тұра алмай жатыр. Үйдің іші түтіннен сасып жатыр. Маған хабарласып, “БАҚ өкілдерін шақырайық. Өлеміз бе енді” дейді. Расымен ужс болып тұр… Қайтпек керек?» деп жазған.
Атырау облысының аумағында, Каспий теңізінің шетінде қамыс өрті жиі қайталанады. 2008 жылы мұнай өнімдері сіңген қамыс-қоға жанып, Атырау қаласын бірнеше күн түтін басқан. Ол кезде Атырау облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасы қамыстың өртенуіне Атырау мұнай өңдеу зауытының өндіріс қалдықтары төгілгені себеп болған деген қорытынды жасаған.
2017 жылы Атырау облысынағы «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерватында қамыс өртеніп, 10 гектарға жайылған.