Ауғанстан аудандарының басым бөлігін басып алған «Талибан» Кабул түбіне жеткенде Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елден кетті. Мұны Ауғанстанның ұлттық бітім жөніндегі жоғары кеңесінің төрағасы Абдулла Абдулла растады.
«Ол елді, халықты қиын-қыстау кезеңде қалдырып кетті. Құдайдың алдына жауап берер» деді Абдулла халыққа арналған видео үндеуінде Ашраф Ғаниді меңзей отырып.
Абдулла Абдулла Кабул тұрғындарын дүрлікпеуге шақырды. Ол сондай-ақ тәліптерден саяси мәселелер шешілгенше қалаға кірмеуді сұрап, мұның бейбіт тұрғындар қауіпсіздігі үшін қажет екенін айтты.
«Талибан» ауған астанасына күшпен кірмейтінін айтқан. Осы тұста тәліптер мен ауған үкіметі арасында қаланы бейбіт жолмен беру мәселесі талқыланып жатқаны хабарланған. Бірақ тәліптердің баспасөз хатшысы кейінірек содырларға қалаға кіру бұйырылғаны, мұның қаланы тонауға жол бермеу үшін қажет екенін айтты.
«Талибан» баспасөз хатшысы Забиулла Мужахид бұл мәлімдемесін Ашраф Ғани елден кете сала айтты.
Ирандық Tasnim ақпарат агенттігінің мәліметінше, Ашраф Ғани Тәжікстанға кеткен. Тәжікстан билігі бұл туралы әзірге пікір білдірмеді.
Баспасөз хабарларына қарағанда, Кабул көшелерінде абыржу байқалады. Тұрғындардың бір бөлігі қаладан кетудің қамымен жүр. Үкімет құрылымдарының қызметкерлері қашып, әкімшілік кеңселер, полиция учаскелері, әскер бөлімдері жабылып жатыр. Дүкендер мен базарлар жұмысын тоқтатты.
15 тамыз күні таңертең тәліптер Жалалабад қаласын соғыссыз алды. Осыдан кейін Кабул үкімет бақылауындағы жалғыз ірі қала болып қалды. Осыдан кейін тәліптердің қолына Вардак уәлаятының орталығы Майданшахр қаласы өтті. Олар сондай-ақ Бамиан мен Нили қалаларын да алды. Тәліптердің өзі Кабул түбіндегі Баграм әуе базасын, түрмені басып алғанын мәлімдеді. Осыған дейін «Талибан» Мазари-Шарифті өз бақылауына алған. Осылайша тәліптер Ауғанстандағы 34 уәлаяттың басым бөлігіне билігін орнатты.
Тәліптердің ауған аудандарын үлкен күшпен жаулап алуы 1 мамырда АҚШ бастаған халықаралық коалиция елден шығуға кіріскенде басталды. Батыс күштері елден осы айдың соңына дейін толық кетуі керек болған.
АҚШ президенті Джо Байден әскерді әкету туралы шешімін дұрыс екенін қайта мәлімдеді. Ол Ауғанстанда АҚШ әскерін ұстауға ешқандай негіз жоғын айтты.