Ауғанстанда билік ауысқан тұста ҰҚШҰ Орталық Азияда жаттығу өткізбек

Ресейдің ықпалы басым Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйым (ҰҚШҰ) қыркүйек пен қазан айында Қырғызстан мен Тәжікстанда әскери жаттығу өткізбек. ҰҚШҰ жаттығуы тамыздың ортасында «Талибан» радикал қозғалысы Ауғанстанда билікті тайдырғаннан кейін түбегейлі өзгерістер болып жатқан тұста өтпекші.

Қыркүйектің 7-і мен 9-ы аралығында Қырғызстанда өтетін «Рубеж» әскери жаттығуына бірнеше мың сарбаз қатысады деп хабарлады жұма күні «Интерфакс» агенттігіне ҰҚШҰ өкілі Владимир Зайнетдинов.

Оның сөзінше, қазан айында ауған-тәжік шекарасы маңында ҰҚШҰ елдері қарулы күштерінің барлау бөлімшелері («Поиск»), материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімшелері («Эшелон») және ұжымдық жедел әрекет ету күштері («Взаимодействие») жаттығуларын өткізеді. Ал қарашада Тәжікстанда арнайы тактикалық «Кобальт» жаттығуын өткізу жоспарланған.

ҰҚШҰ-ға Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан мүше.

Ауғанстанмен шектесетін Орталық Азия мемлекеттерін қырық жыл қарулы қақтығыстан көз ашпаған көрші елде болып жатқан өзгерістер алаңдатып отыр. Жағдай ушықса ол жақтан жаппай босқындар ағылуы әбден мүмкін.

«Талибан» өкілдері көрші елдер мен Ресейге Ауғанстан тарапынан ешқандай қауіп болмайды деп сендіруге тырысты. Кейінгі бірнеше аптада «Талибан» елдің көп бөлігін, соның ішінде мемлекет астанасын да бағындырғаннан кейін көрші елдерге, соның ішінде Өзбекстан мен Тәжікстанға да ондаған адам шекараны кесіп қашып өткен. Содан бері Ресей, Қытай, Өзбекстан мен Тәжікстан Орталық Азия аймағында әскери жаттығу өткізуді жиілетті.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий