18 тамызда тәліптер Ауғанстанның бас қаласы Кабулдан 150 шақырым қашықта орналасқан Жалалабад қаласында ауған туын көтеріп акцияға шыққан адамдарға оқ атып, оларды күшпен таратқан. Бұл туралы Reuters агенттігі куәгерлер сөзіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мәлметке қарағанда, наразылық білдірушілерге туды шатырға тігер кезде оқ атылған. Үш адам қаза болып, ондаған адам жарақат алған.
«Талибан» қозғалысы Ауғанстанның бас қаласы Кабулға 15 тамызда кіріп, 20 жылға созылған азаматтық соғыстың аяқталғанын жариялаған. Мемлекет басшысы Ашраф Ғани Ауғанстаннан қашып кеткен. 18 тамызда оның отбасымен Біріккен Араб Әмірлігіне барғаны белгілі болды.