Танымал айтыскер ақын Аманжол Әлтаев «Базар жоқ» театрының әртісі Қанат Әлжаппаровтан қазақтың қасиетті өнерін қорламауын сұрады.
Осыған дейін Қанат Әлжаппаров «Жұлдыздар айтысады» шоу-айтысында ақын Сара Тоқтамысқызымен сөз жарыстырған еді.
«Қанат бауырым, бойыңда азаматтық намысың болса, ұлттық өнерге деген құрметің болса, енді айтыс саxнасына шықпауыңды сұраймын. Айтыс өнері еріккеннің ермегі емес, өнерді олай қорлауға болмайды… Қазақтың баласы болсаң енді қой, ақылың жетсе кешірім сұрасаң да артық емес», — деп жазды Аманжол Әлтаев Facebook парақшасында.
«Төреғали, Еркін, Роза секілді ақындық таланты бар өнер иелерінің айтысқа шыққанын қолдаймын, жылы қабылдаймын. Жанар, Ұлықпан секілді айтыстан ауылы алыс әншілерге ақылға келіңіздер демекпін. Киелі өнердің кұтын қашырмайық!», – деп ойымен бөлісті айтыскер.
«Жұлдыздар айтысады» шоу-айтысы биыл екінші рет өткізіліп, тағы да халықтың сынына ұшырады. Сайысқа өнер өкілдерінің арасынан Қанат Әлжаппаров, Айгүл Иманбаева, Мөлдір Әуелбекова, Еркін Нұржанов қатысқан болатын.
Естеріңізге сала кетейік, ұлттық өнер жанашыры Талғат Жанысбай айтыстың абыройын төккен әртісті сөзбен сыбағанын жазған болатынбыз.