Үш мәрте Социалистік еңбек ері атанған Дінмұхамед Қонаев дүниеден озды.
Қазақ халқы мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алды. Кеңес тұсында атқа мінген атпал азамат 45 жыл түрлі басшылық қызметтер атқарған. Зиялы қауым өкілдері мен туыстары ескерткішіне жиналып, рухына тағзым етті. Ал қолы ашық кәсіпкерлер бәйге ұйымдастырып, ас берді, деп жазады Алматы телеарнасы.
1993 жылдың 22 тамыз күні көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері атанған Дінмұхамед Қонаев дүниеден озды. Ел жадында сақталған ерен тұлғаны еске алу үшін зиялы қауым өкілдері, оның көзін көргендер ескерткішіне жиналды. Естеліктер айтылып, тас мүсініне гүл шоқтарын қойды.
Биыл қазақтың біртума перзенті Дінмұхамед Ахметұлының туғанына 105 жыл толып отыр. Осыған орай, кәсіпкерлер жиналып, 2 мыңнан аса адамға ас берді. Сондай-ақ ат шаптырып, бәйге ұйымдастырды. Жарысқа Қазақстанның әр түкпірінен 100-ге жуық шабандоз қатысты. Оның арасынан жетеуі жеңімпаз атанады. Олардың әрқайсысы 7 ірі қара малдан жүлде алады. Өз кезегінде, Дінмұхамед Қонаев атындағы мұражай да ерекше дайындалған. Бұл жолы туған-туыстарын елге көрсетпек.
«Енді қазір біздің көрмемізді көрсеңіздер болады. Көрмеде Дінмұхамед Ахметұлының жұмыс барысында жасалған фотоларын алдық. Отбасымен бірге, апаларымен бірге. Сондай фотолар орналасқан», — деді Д.Қонаев атындағы мұражай жетекшісі Елена Кубашева.
Көрме қызметкерлері қазан айында Дінмұхамед Қонаев атындағы веложарыс ұйымдастырмақ. Спорттық шара оның мұражайынан басталып, Үлкен Алматы көлінде аяқталады.
Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев
Фото: www.kspi.kz