Қазақстан билігі валюта операцияларына бақылауды күшейтеді

Қазақстанның төменгі палатасына «Валютаны реттеу және бақылау туралы» жаңа заң жобасы түсті. Қазақстанның Ұлттық банкі капиталды елден шығаруға жол бермес үшін валюта операцияларын бақылауды күшейтпек.

Республиканың Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру қарсаңында заңдарға өзгеріс енгізу қажеттілігі туындады делінеді. Шын мәнінде қаржы саласындағылар Қазақстанда қазір экспорттық-импорттық операцияларға толық бақылау жоқ екенін мойындап отыр.

Ұлттық банк өкілінің пікірінше, жаңа заң қабылданған соң ақшаны елден шығару әлдеқайда қиындай түседі.

«Мысалы, тауар үшін валюта түсімін қайтару мерзімі 6-9 ай десек, бірақ одан соң бірінші, екінші, үшінші пролонгациялар арқылы ол мерзім созылып кете береді. Екі жылдан асатындары — күмәнді операциялар деп есептейміз», — деді Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков.

Банк мәліметіне қарағанда, қазіргі таңда экспорттық-импорттық операциялардың берешегі 53 млн. доллардан асып кеткен, соның 35 пайызы қайтып келмеуі мүмкін. Бірақ бұл көрсеткіш одан да көп болуы ықтимал.

«Өткен жылдың соңында экспорттық-импорттық операциялардың берешегі 17 млрд. теңге болды. Қазақастанға осыншама валюталық түсім қайтпаған».

Депутаттар заң жобасын әзірлеушілердің оптимистік ұсынысын қолдап отырған жоқ. Олар заңда «күмінді» валюта операцияларын анықтап, оларды кім және қалай бақылайтыны нақты көрсетілмеген дейді. Бұрын онымен Қаржы министрлігі айналысатын, кейін мұндай құзіреттің жарымы Ұлттық банкке тапсырылып, қалған Қаржы министрлігінде қалды. Сөйтіп бұл салаға жауапты нақты мемлекеттік орган жоқ болып шықты.

centralasian.org

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий