Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Осы аптадағы тағайындаулардың дені Оңтүстік Қазақстан облысында орын алды.

Бұл өңірде облыс әкімінің өкімімен құрылған 7 басқарманың жаңа басшылары тағайындалды. ҚазАқпарат апта ішіндегі осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды.

Осы аптада ІІМ ТЖК төрағасы В.Беккер жеке құрамға Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұхамбет Қасымовтың Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бұрынғы басшысы, азаматтық қорғаныс полковнигі Талғат Нұрмағамбетовті Төтенше жағдайлар комитеті басшысының орынбасары етіп тағайындау туралы бұйрығын таныстырды.

Азаматтық қорғаныс полковнигі Талғат Нұрмағамбетов 1965 жылы 24 мамырда дүниеге келген. 1986 жылы Ю.В. Андропов атындағы әуе қорғанысы жөніндегі Ленинград әскери-саяси училищесін тәмамдаған. 2004 жылы Павлодар университетін «психология магистрі» мамандығы бойынша бітірген.

Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы қызметіне дейін Т. Нұрмағамбетов Павлодар облысы бойынша ТЖД басшысының орынбасары болған. Ол бұған дейін рота командирінің орынбасары лауазымынан Қарағанды облысы ТЖД басшысы қызметіне дейінгі еңбек жолын жүріп өткен.

Т. Нұрмағамбетов Қазақстанмен шекаралас Ресейдің өңірлерімен ТЖ және АҚ саласы бойынша өңірлік кездесулерді ұйымдастырудың, сондай-ақ құтқарудың қалалық қызметтері мен суда құтқару қызметін ұйымдастырудың бастамашысы болып табылады.

Айта кетейік, жаңа басшы «ҚСРО ҚК 70 жыл» медалімен, «Әскери қызметіндегі ерекшелігі үшін» 2-ші дәрежелі медалімен, «Қазақстан Республикасы Қарулы күштеріне 10 жыл», «Мінсіз қызметі үшін» 2,3-ші дәрежелі медальдармен және Қазақстан республикасы ТЖМ құрмет грамотасымен марапатталған.

Оңтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен 2016 жылдың 25 ақпаны күні жаңадан құрылған облыстық басқармалардың басшылары тағайындалды. Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы лауазымына Қуандық Салыбекұлы Құлажанов келді.

Ол 1969 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы математика пәнінің мұғалімі, заңгер. Еңбек жолын Төлеби ауданы Абай ауылы орта мектебінің қарапайым мұғалімі болып бастаған. Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары, облыс әкімі аппаратында жауапты қызметтер атқарған, Қазақстан республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары, тәртіптік кеңесі хатшылығының меңгерушісі болған.

2015 жылғы қазаннан бастап облыстық  білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы, басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.

Оңтүстік Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы

Оңтүстік Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы лауазымына Болат Серікұлы Жанәбіл тағайындалды. Жанәбіл 1982 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы қаржыгер, заңгер, мемлекеттік және жергілікті басқару бакалавры. Еңбек жолын қарапайым қызметтерден бастаған Жанәбіл Шымкент қаласы мәдениет, ішкі саясат, жастармен жұмыс бөлімдерінде еңбек еткен. Облыстық ішкі саясат басқармасында да жастар мәселесімен айналысқан.

Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің жастар саясаты департаментінде өңірлік жастар саясатын үйлестіру басқармасының бас сарапшысы, Оңтүстік Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары болған.  2015 жылғы қаңтардан бастап облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары лауазымында жастар мәселесімен айналысты.

Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының басшысы

Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының басшысы лауазымына Алмасбек Кеңесбекұлы Мамытбеков тағайындалды. Мамытбеков 1969 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы география және биология пәндерінің оқытушысы, экономика және бизнес бакалавры. Еңбек жолын 1987 жылы Шымкент облысы Түлкібас ауданының құс фабрикасында бастаған.

Шымкент қаласы әкімдігінің дербес бөлімдерінде еңбек еткен. Оңтүстік Қазақстан облыс әкімшілігінің қоғамдық келісім және ақпарат, мәдениет және жастар ісі басқармаларында жоғары лауазымды қызметтер атқарған. Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары, облыстық ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы, облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы, «Нұр-Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары лауазымдарында еңбек еткен.  2015 жылғы қазаннан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы болды.

Оңтүстік Қазақстан облысы дін істері басқармасының басшысы

Оңтүстік Қазақстан облысы дін істері басқармасының басшысы лауазымына Батырбек Қаратайұлы Жалмұрзаев тағайындалды. Жалмұрзаев 1955 жылы туған, білімі жоғары. Еңбек жолын 1973 жылы Ақтөбе ет комбинатында бастап, сол облыста партия, комсомол органдарында еңбек еткен.  1990 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының партия, кеңес және жергілікті атқарушы органдарында жауапты қызметтер атқарған.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі,  облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы, облыстық дін істері жөніндегі департаментінің директоры лауазымдарын атқарған. Бүгінгі күнге дейін Сайрам аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы болып қызмет етті.

Оңтүстік Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы

Оңтүстік Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы лауазымына Марғұлан Зұлхарнайұлы Мараим тағайындалды. Мараим 1973 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы заңгер, экономист, экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданының Аманкелді колхозында бастаған.

Шымкент қаласында бірқатар кәсіпкерлік құрылымдарда қызмет еткен.  «Ауыл-шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Оңтүстік Қазақстан филиалының директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының әкімі, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Өңірлік даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің басқарма басшысы және өзге де қызметтер атқарды.

Оңтүстік Қазақстан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы

Оңтүстік Қазақстан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы лауазымына Созақбай Исаұлы Әбдіқұлов тағайындалды. С.Әбдіқұлов 1954 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы ғалым-агроном. Еңбек жолын Шымкент облысы Ленгір ауданы «Победа» колхозының аға агрономы болып бастаған. Ұзақ жылдары бойы Созақ ауданында партия және жергілікті атқарушы органдарда жауапты қызметтер атқарған.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы болған. Он бір жылға жуық Созақ ауданының әкімі, облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. 2015 жылдың наурызынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет етті.

Оңтүстік Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы

Оңтүстік Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы лауазымына Нұрлан Мархабатұлы Байғұт тағайындалды. Байғұт 1974 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы инженер-экономист. Еңбек жолын Шымкент қалалық салық комитетінде бастаған, облыстық коммуналды меншікті және активтерді басқару департаментінде жауапты қызметтер атқарған, облыс әкімінің бас инспекторы, Түлкібас, Төлеби аудандары әкімдерінің орынбасары, облыстық құрылыс басқармасының басшысы болған. 2010 жылдың қаңтар айынан бастап ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы болған.

Алматы қаласы әкімінің әдеп жөніндегі уәкілі 

Алматы қаласы әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары Ерлан Жайлаубай қала әкімінің әдеп жөніндегі уәкілі болып тағайындалды. Е.Жайлаубай Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің (экономист) және Монтеррей халықаралық зерттеу институтының (халықаралық менеджментте мемлекеттік басқару магистры) түлегі.

2005-2006 жылдары мемлекеттік емес салада жұмыстар атқарған. 2009-2013 жылдар аралығында Қазақстан президенті әкімшілігінде әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің сарапшысы, инспекторы және консультанты қызметін атқарды. 2013 жылы Қазастан президенті әкімшілігі Сыртқы саясат орталығының сектор меңгерушісі болып, ал 2015 жылы «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ Стратегия және басымды жобалар департаментінің директоры болды.

 


 

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий