Қазақстандық кинологтар қауқарын көрсетеді

Байрақты бәсекеден елімізге 5 жолдама берілген.

 

 

Еліміз тұңғыш рет халықаралық кинологтар сайысына жолдама алды. Иісшіл иттер мен сарбаздар қатысатын бәсекеге дайындық басталып кетті. Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған сарбаздар мен сақ құлақтардың басты мақсаты — топ жарып, Қазақстан Қарулы Күштерінің қуатын көрсету, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.

Еліміздегі менмендеген керемет кинологтар мен иісшіл иттердің барлығы осында. БерісіАлматы, Қапшағай, арғысыАстана, Талдықорған, Аягөз, Отардағы әскери бөлімдердің мамандары бақтарын сынауда. Оқу-жаттығу жұмыстары шынайы түрде, қарулы қақтығыс жағдайында жүріп жатыр. Ел үмітін қорғауға үміткер кинологтың бірі Бауыржан Мұқышев. Лоид атты итін туылғаннан бастап баптаған. Қазір сенімді серігі. Сарбаздың айтуынша, Лоид бүгінге дейін мұндай сындар мен жаттығулардың ешқайсысында мүдірмеген.

«Мен Лоидты екі айлығынан бастап баптап, күтіп жүрмін. Бұл итке мен өте сенемін. Бұл итте маған сенеді. Сондықтан екеуміз де жақсы түсіністікпен жұмыс істей аламыз деп ойлаймын»,- деді Ақмола аймақтық гарнизонының бөлімше басшысы Бауыржан Мұқышев.

Жалпы жаттығу жұмыстары желтоқсан айында басталған. Сарбаздар сайысқа сақадай саймыз дейді. Қазір олар 3 мың метр қашықтықты бағындырып, 150 метрдегі нысананы көздеп атуда. Сонымен қатар, үйретілген иттер өрт пен қарулы шабуыл кезіндегі тапсырмаларды орындауда.

«Халықаралық жарыста үш кезеңді жарыс болады. Біріншісі 3 мың метрге жүгіру. Одан кейін қылмыскерді ұстаудан жарысады. Үшінші кезеңде 1500 метр қашықтықты құрайтын эстафета болады. Сосын соңғыс сайыс — тапсырма бойынша қауіптің бетін қайтару. Біз осы сынақтардың барлығына дайындалудамыз»,- деді Алматы аймақтық кинология бөлімінің басшысы Сергей Гринев.

Байрақты бәсекеден елімізге 5 жолдама берілген. Қазіргі жаттығудан сүрінбей өткендер Ресейде 29 шілде мен 15 тамыз аралығында болатын сайысқа қатысады. Олар 4 кезеңнен тұратын сынақ арқылы додаға түседі.

Аршын Кемелжан, Ялкунжан Әшімжанов

Фото:www.profirk.ru

 


 

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий