Қазақстандықтар алтын унитаздар сатып алудан жарысып жатыр

Қазақстан үкіметі дағдарыс деп ел тарихындағы маңызды шараларды тойлаудан үнемдеп жатқанда, бірқатар азаматтар алтын унитаздар сатып алып, жарысып жатыр деп хабарлайды 31 арна.

Мұндай сән-салтанаттың бағасы 300 мың теңгеден басталады. Астанаға әуел баста алтын жалатылған жиынтықтың жиырмасы әкелінген. Небәрі 6 айдың ішінде олардың үшеуі ғана қалған. Сұраныстың көптігіне байланысты саудагерлер кезекті қосымша тапсырысты 2 есеге көбейткен.

«Қымбат, зәулім үйлері бар кей адамдар сатып алды. Тіпті өз офисіне деп алып жатқандар да болды. Жаңа жылдан кейін сауда күшейді. Қазір аз ғана қалды», — дейді сауда орнының директоры Чжан Пань.

Қазіргі кезде қалған тауарлардың бағасы 300 мыңнан жоғары. Толық жинақты алса, 1 миллионға жуықтайды. Дендеп жатқан үрдістен қарапайым халық әзірге бейхабар болып шықты. Ал зиялы қауым өкілдері мұны — рухани құндылықтардың өзгеруі дейді.

«Академиктермен иықтас болып жұмыс істедік, өнер адамдарының үйіне бардық. Сол кезде олар ең бірінші кітапханасымен мақтанатын. Үйіне кірсең бірден кітапханасына көзің түседі. Тіпті, үйінде кітап сөресінде бір кітап жоқ адамдар бар. Мен соларды көргенде жасыратыны жоқ аяймын. Мүсіркеймін оларды», — дейді сазгер Қалдыбек Құрманәлі.

Алтын унитаздарды сататын сауда орны Алматы және Шымкент қалаларында да бар. 3 қаланың ішінде әсіресе оңтүстік қазақстандықтар осындай сән-салтанатқа құштар дейді сауда орталығының иесі. Ал мұнайдың байлығына мастанған арабтар алтын дәретхана сатып алушылар ішінде көш бастап тұр екен.



Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий