Қазақ тілінің аянышты жағдайына күйінген қарағандылық студент жан айқайын жеткізді

Дастан Жақыпов. Фото: VK.COM

Қарағандыда оқитын студент Дастан Жақыпов қала дүкендерінен қазақ тілінде қажетін сұрап, сауда жасай алмай жүргенін айтып шағымданды деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

Алматы облысынан Қарағандыға осыдан төрт жыл бұрын оқуға келген студент қаладағы сатушылардың оған қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартып, оны талай рет дүкендерден қуып шыққанын айтады.

«Қарағандыға оқуға келген жылы орысша бір ауыз сөз білмедім. Күнделікті қазақша сөйлейтін болған соң, қажетімді де сол тілде сатып алғым келеді. Орысша сөйлегім келмейді. Оны сол бір жылдың ішінде меңгеріп алғам. Өзіме қажетті деңгейде орыс тілін білемін», — дейді ол.

Ол оқумен қатар ауруханада медициналық қызметкер болып жұмыс істейді.

«Менің алдыма орысша сөйлейтін науқас келсе, мен тілімді сындырып орысша жауап беремін», — деп ағынан жарылды студент.

Ол, тіпті үйіне жақын дүкендерден бір бөлке нан мен су сатып ала алмайтын айтып күйінді.

«Дүкенге келіп қазақ тілінде су сұрасам, маған бажырайып қарап өзінің қазақша түсінбейтінін айтып қана қоймай, өзіңізге жекіп ұрсып тастайтынын қайтесіз. Күнделікті еститінім: «Сен менің басқа ұлт өкілі екенімді көрмей тұрсың ба, орысша сөйле» деген талап», — дейді жігіт.

Дастан бұл жағдайдың тек дүкенде емес, дәріхана, банк, аурухана сияқты қоғамдық орындарда күнде қайталана бергенінен шаршағанын айтып налыды. Өз елінде осылай қиналған ол күнделікті өмірде орысша сөйлегісі келмейтінін жеткізді.

«Менің бұл әрекетім ешқандай да эксперимент те емес, әдейі ерегес те емес.  Менің жай ғана орысша сөйлеуге құлқым жоқ», — дейді болашақ дәрігер.

Дастан бірнеше рет дүкеннен ештеңе сатып ала алмай кері қайтқан соң, қол қусыра қарап отыра алмапты.

«Тілі өлгені – тірі өлгені» дейді ғой қазақ. Бұл мәселе алдымнан жиі шыға бастаған соң, оған шындап кірістім. Бірінші кезекте Қарағанды қаласындағы Михайлов полиция бөлімшесінің есігін қағып, тәртіп сақшыларынан көмек сұрадым. «Шыны керек, біз түк білмейміз» деп полицейлер мені шығарып салды», — дейді Дастан Жақыпов.

Содан кейін студент әкімшіліктегі шенділерге барып көрген. Олар да ештеңе істей алмайтындықдарын айтып, Дастанға қол ұшын созудан бас тартқан.

«Еш нәтиже шықпаған соң, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына бардым. Сол жерде бір заңгерді тоқтатып алып, жағдайымды айттым. Ол кісі маған «Сіздің шағымыңыз қызық екен» деп таң қалды. Содан соң мені шағым қабылдайтын бөлімге жіберді», — деп әңгімесін өрбітті студент.

Бір қызығы шағымдағы мәселені партия филиалының қызметкерлері қай категорияға енгізерін білмей, тығырыққа тірелген.

«Нұр Отанның қызметкері менің шағымымды қайда қыстырарын білмеді. Себебі ол жерде адамдардан келіп түсетін шағымдары түрлі сала бойынша жүйеленген екен. Бір қызығы осы тіл мәселесіне байланысты 25 жылдың ішінде бір де бір адам шағым қалдырмаған. Ондағы қызметкерлер бұл шағымды қандай мәселенің қатарына қосатынын білмей дал болды. Содан не керек, шағымымды қабылдап, көмектесеміз деп уәде бергендей болды», — дейді Дастан.

Орыстілді азаматтарға сол тілде жауап беріп жүрген ол бар болғаны өз сұрағына мемлекеттік тілде жауап бергенін сұрап отыр.

Nur.kz

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий