Қазақстанда газды қайта өңдеу GPC Investement зауытының құрылысы бюджет есебінен аяқталып, мемлекет қарамағына өтуі мүмкін. Бұл туралы КазТАГ агенттігі хабарлады.
Басылым мәліметіне қарағанда, Қашаған кеніне газды қайта өңдеу зауытын салуды ұлттық «КазТрансГаз» компаниясын басқарып тұрған кезде Қайрат Шәріпбаев ұсынған. Ол елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның биресми күйеуі деп айтылып келеді.
Энергетика министрлігі 14 маусымда жариялаған мәліметте «GPC Investement’тің жарғылық капиталындағы акциялардың 100% мемлекет меншігіне өткізу туралы TauBerekeGroup компаниясының ұсынысы қабылдануы керек екені» айтылған.
Petrocouncil мәліметіне қарағанда, Шәріпбаев кезінде «газ жеткізу бойынша NCOC компаниясымен, сонымен бірге газды қайта өңдеу құрылысына несие алу бойынша Қазақстанның даму банкімен келісімге келген».
Осыған дейін Қазақстанның даму банкі аталған зауыттың құрылысына ақша бөлуді қарастырып жатқанын мәлімдеген.
Petrocouncil басылымы сарапшылар пікіріне сүйеніп, экс-президенттің күйеу баласы «КазТрансГаз»басшылығынан кеткеннен кейін газды қайта өңдеу зауытының болашағы күмәнді болып қалғанын жазған.
Экономика министрлігі қуаты жылына 1,15 млрд текше метрді құрайтын зауытты мемлекет қарамағына өткізу президент Қасым-Жомарт Тоқтаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асатынын мәлімдеген.
Өткен аптада атауы QazaqGaz деп өзгертілген «КазТрансГаз» компаниясының жаңа жетекшісі кәсіпорында 2,2 миллиард долларлық заң бұзушылық анықталғанын мәлімдеген. Қайрат Шәріпбаев бұл компанияны 2014 жылдан 2022 жылдың қаңтар айының ортасына дейін басқарып келген.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасының тұтануына себеп болған «сұйытылған газдың қымбаттауына жол берген үкіметтің, оның ішінде энергетика министрлігі мен «КазТрансГаз» компаниясының да кінәсі бар екенін» айтқан.