Президент США Джо Байден проводит по видеосвязи консультации со своими военными советниками по ситуации в Афганистане. 15 августа 2021, Кэмп-Дэвид
АҚШ президенті Джо Байден журналистерге Ауғанстаннан Америка әскерін әкету туралы шешім қабылдағанына өкінбейтінін айтты.
– 20 жылда АҚШ әскерін шығарып әкететіндей басқа ыңғайлы сәт болған жоқ. Ауғанстанда соғысуға мәжбүр болған АҚШ-тың төртінші президентімін. Мен осыны бесінші президенттің мойнына іліп кеткім келмейді, – деді ол.
Джо Байден «Талибан» қозғалысының шабуылы АҚШ президенті әкімшілігі болжағаннан әлдеқайда жылдам болғанын мойындады. Оның сөзінше, «АҚШ тәліптерге қарсы тұру үшін ауған үкіметінің қарулы күштеріне қолынан келгенше көмектесті. АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери миссиясының құны 1 триллион долларға түсті. Ауған солдаттары техника мен қару-жарақ алды, киінді, дер кезінде жалақы алып тұрды».
Президенттің телеүндеуін талқылаған журналистер Байденнің «Ауғандар өздері үшін өздері қару алғысы келмесе, ондай жерде Америка әскері соғыспайды, соғысуға міндетті емес» деп «мүмкіндікті пайдалана алмағандарға» қарата айтқан сөзін атап өтті.
Ауғанстан билігін «Талибан» қозғалысы алғалы бері бірінші рет жұрт алдына шығып сөйлеген президент Байден «АҚШ-тың Ауғанстандағы ұлттық мүддесі – АҚШ аумағына жасалатын террорға жол бермеу болды» деп санайды.
Ауғанстаннан АҚШ әскері шығарыла бастағанда-ақ белсенді әрекетке көшкен «Талибан» қозғалысы кейінгі аптада мейлінше шапшаң қимылдап, бұрын ауған үкіметінің қарауында болып келген ірі қалаларды басып алған. Кабулды соғыссыз бағындырған.
Ауғанстан президенті Ашраф Ғани ел аумағынан шығып кеткен.
Кейінгі күндері Кабул қаласының әуежайына мыңдаған адам келіп, шетел азаматтарын эвакуациялау үшін қонған ұшақтарға ұмтылған. Елуден астам ел «Талибан» қозғалысына үндеу жасап, Ауғанстаннан кеткісі келетіндердің бәріне мүмкіндік беруге шақырған.