АҚШ президенті Джо Байден Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғыс кезінде тактикалық ядролық қару «шынымен» қолдануы мүмкін екенін айтты.
Байденнің дүйсенбі күні Калифорния штатында сайлау науқанының демеушілерімен кездескен кезде айтқандарын Reuters агенттігі жариялады.
«Екі жыл бұрын Колорадо өзені қуаң тартуы мүмкін екенін айтқанымда, бәрі маған таңырқай қараған. Путин тактикалық ядролық қару қолдануы мүмкін десем де таңдана қарайды. Бірақ ол шынымен қолдануы мүмкін» дейді Байден.
Сенбі күні Байден Ресейдің тактикалық ядролық қаруды Беларусьқа орнатуын сынап, Кремльдің мұндай шешімін «жауапсыздық» деп сипаттаған. Ресей сыртқы істер министрлігі ядролық қару Беларусьта «шектеусіз мерзімге» орнатылатынын мәлімдеген.
Байден Ресей ядролық қару қолдануы мүмкін деген қорытындыны қандай мәліметтер негізінде шығарғанын айтпады. Бұның алдында америкалық әскерилер мен әкімшілік өкілдері Ресей ядролық соққы жасауға дайындалып жатқанын білдіретін мәлімет алмағанын хабарлаған.
Батыстағы сарапшылардың бірқатары Ресей майданда сәтсіздікке ұшыраған жағдайда Украинаға қарсы тактикалық қару қолдануы мүмкін деп қауіптенеді. Өткен аптада кремльшіл саясаткер Сергей Караганов Польшаға немесе НАТО-ның Орталық немесе Шығыс Еуропадағы бір мүшесіне ядролық соққы шасауға үндеген.
Владимир Путин Петербургтегі экономикалық форумда «мемлекетке қауіп төнген жағдайда» Ресей доктринаға сай ядролық қару қолдануы мүмкін екенін айтқан.
Байден құрлықаралық соққы жасау үшін пайдаланылатын стратегиялық емес, қуаты салыстырмалы түрде аздау тактикалық ядролық қару жөнінде айтып отыр. Алайда тактикалық ядролық қарудың өзі де жойқын күшке ие. Александр Лукашенконың айтуынша, Беларусьқа орнатылған ресейлік ядролық қарулар 1945 жылы АҚШ Хиросимаға тастаған бомбадан үш есе қуатты.