Қаңтар оқиғасында күш құрылымдарының бастапқыда оқ атпағанын шабуылдаушылар «әлсіздік» деп қабылдаған. Бүгін, 14 наурызда Қазақстан парламенті мәжілісінде баяндама жасаған Бас прокурор Берік Асылов «Қаңтар оқиғасы» кезінде күш құрылымдарының оқ ату себебін осылай түсіндірді.
— Қару қолдану жөнінде шешім қабылданғанға дейін күш құрылымдарының 3,5 мыңға жуық қызметкері жараланды. Полиция қызметкерлері мен ұлттық гвардияның әскери қызметкерлері соңғы сәтке дейін атыс қаруын қолданбай, резеңке оқ, көзден жас ағызатын газ бен газ граната пайдаланды. Бірақ мұны шабуылдаушылар әлсіздік деп қабылдап, оқ атып, өршелене түсті,-дейді Берік Асылов.
Бас прокурор Берік Асылов «Қаңтар оқиғасын» үш толқынға бөліп айтты.
— Алғашқы толқын – бейбіт митингі. Бейбіт митингімен полиция мүлде қақтығысқан жоқ. Керісінше бейбіт жиын өткізуге барлық мүмкіндік жасады. Екінші толқын – жиынды радикалдандырған экстремистер, солардың кесірінен қақтығыс басталды. Үшінші толқында оларға қылмыстық топтар қосылып, өртеп, талқандауға кірісті. Осылайша билікті басып алуды көздеді. Барлық іс-әрекет үйлестірілгені, жоспарлы акция екені көрініп тұр,- деді ол.
Бас прокурор баяндамасында «Қаңтар оқиғасының» әр күніне жеке тоқталып баға берген. Алматыдағы оқиғаға да тоқталған. Алайда қаңтардың 6-сына Алматы қаласындағы алаңға бейбіт жиынға шығып, оққа ұшқандар жайлы сөз етпеген.
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардағы дүрбелең кезінде не үшін «ескертусіз оқ атуға» бұйрық бергенін түсіндіріп, «ол кезде алаңда наразылыққа шыққан бейбіт тұрғындар қалмады, тек қарақшылар» ғана болды» деп мәлімдеген еді.
Бас прокурор Берік Асыловтың парламенттегі баяндамасына қарағанда, «мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекет жасау және аса ірі мөлшерде пара алу бойынша 15 қылмыстық іс қозғалған». ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасары аталған бұл істердің «өте құпия» болуына байланысты бас прокурор тергеу нәтижелерін жариялай алмайтынын айтты.
Биыл қаңтардың басында сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты Жаңаөзенде митинг басталып, бұл наразылық республиканың түрлі өңірлерінде жалғасқан.
Ресми дерек бойынша, 230 адам қаза болған. Қаза тапқандар арасында күштік құрылымның 19 қызметкері бар. Билік өлгендердің толық тізімін жариялаған жоқ.