Бас прокурорының орынбасары, Жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі Андрей Кравченко бүгін 21 мамырда заңсыз шеру өткізбек болғандарға қатысты деректерімен бөлісті.
12 адамға ғана айыппұл салынған екен, деп хабарлайды Bnews.kz.
Бас прокурордың айтуынша, 21 мамыр күнi бейбiт жүрген адамдар емес, нақты заңсыз шеру ұйымдастырып, полиция қызметкерлеріне қол көтергендер ғана жауапқа тартылған.
«21 мамырдағы оқиғаға қатысты ешқандай қылмыстық iс қозғалған жоқ. Ешкiм қылмыстық жауапкершiлiкке тартылған жоқ. 51 адам әкiмшiлiк жауапқа тартылды. Тек төртеуi ғана ұсталды. Мен өзiм азаматтың полицияны төбелеп жатқан кадрды көрдiм. Осыдан кейiн ешқандай реакция болмайды деп ойлайсыздар ма? Болады, әрине. 12 адамға айыппұл салынды. 21 адамға сот тек ескерту жасады. Болды осымен, басқа ешкiм ұсталған жоқ», — дейді Кравченко.
Бұдан бөлек, комиссия мүшелерiнен 30 шағым түскен. Олардың 8-i ғана 21 мамырдағы оқиғаға қатысты екен. Бұл шағымдар әлі қарастырылып жатыр.