Қырғызстанның Баткен облысындағы Көк-Терек, Таш-Тумшук және Достук ауылдарында салынған 31 үй 2021 жылғы сәуірдің аяғында болған жанжалдан зардап шеккендерге беріледі.
Бұл туралы облыс басшысының баспасөз хатшысы Азат Курбанбеков хабарлады. Оның айтуынша, шекарадағы қарулы қақтығыстан соң 140 жаңа үй бой көтерген.
Лейлек ауданында салынған 100 үйге тұрғындар кірген, ал Баткен ауданындағы Ақ-Сай ауылындағы тоғыз жаңа үй 18 қазанда беріледі.
Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қарулы қақтығыс биыл 28-30 сәуірде болды. Соның салдарынан қырғыз жағынан 154 адам зардап шекті, 36 адам қаза тапты. Тәжік билігі 19 адам қаза тапқанын, 87 адам жараланғанын хабарлады.
Баткен облысында 140 үй өртенді немесе бұзылды, шамамен 58 мың адам басқа жаққа көшуге мәжбүр болды.