Баян Есентаева. Фото: Интернет желісінен
«Инстаграмдағы мына апайдың пікірін сол күйі алдарыңызға жариялап отырмын. Сіздер не дейсіздер, ағайын? Қызының аяқастынан ойын өзгертуіне Баянның кітабы себеп болыпты»,-дейді ол мына хатты жариялап.
«Атышулы Баянның кітабына жазылған рецензиялар парақшасында талқыланып, «қазіргі сәтпен өмір сүру керек» деп жастарға кеңес беріп жатыр. Айтайын дегенім қызым 30-дан асқан, күйеуде, екі баласы бар. Жақында хабарласып «Мама, күйеуім екеуміз екі түрліміз», – деп тұр. Күйеуімен ұрысып, үйге келгісі келіп айтқаны сол»,-деп жазған амалы құрыған ана.
Кейіннен ол қызына әкесі екеуінің көзқарастары ұқсамаса да, 30 жыл бірге тұрып келе жатқанын алға тартып, райынан қайтармақ болған.
«Әкең екеуміз де екі түрліміз. Өмірге деген көзқарасымыз екі түрлі, әртүрлі фильмдер көреміз, бірақ 30 жылдан асты, тұрып жатырмыз ғой»,- деп ұрсып тастадым. Содан бері қызым маған қырғи-қабақ. Ал міне осылай, ажырасулар басталады. Соны бүгін түсіндім, сол кітаптың әсері, бұны талқыламаса болмайды»,-деген қызының тағдырына алаңдаған ана.
Журналист өз кезегінде қыздарымыздың «Баян синдром» ауруын жұқтырып, күйеулерінен ажыраса беруіне жол бермеу керек екенін айтады.
«Егер де осылай қазақ келіншектері бірнеше жыл тұрған күйеулерінен ажыраса берсе, не болғаны? Баян синдром ауруы барша қаракөз қыздарымызға жұқпасын деп тілеп отыра бермекпіз бе?! Мәселен, менің анам мен әкем де бір-бірін өліп- өшіп сүймеген. Әкем алып қашты, анашым көнді. Бірақ, олар бір шаңырақтың астында 44 жыл өмір сүруде. Сонда деймін де, Баян 22 жыл тұрған жарын сүймегені былай тұрсын, күйеуінің көзіне шөп салғанын мақтан тұтып, кітабын шығарғаны қай сасқаны? Кімді адастырмақ?!»,-дейді Бибігүл Дәулетбекқызы.
Еске салсақ, Баян Есентаева жуырда өзінің өмірбаяны туралы «Баян» атты кітап шығарған. Кітапқа продюсердің жеке өмірі арқау болған.