Бекшин наурыздағы карантин шаралары нәтиже бермегенін мойындады

Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин сауда және қызмет көрсету орындарының, қоғамдық көліктің жұмысын шектеудің нәтиже бермегенін мойындады.

5 сәуірде өткен брифингте ол мұндай нысандарды жабу шешімі «тиімді болмағандықтан», яғни індет ахуалы жақсармағандықтан, сауда және сауда-сауық орталықтарының шектеулермен жұмыс істеуіне рұқсат берілді деді.

— Тиімсіз болса оны (шараны — Ред.) неге қолдана беруіміз керек? Қазір эпидемияны бағалаудың халықаралық тәжірибесін қолдана отырып, барлық шараларды саралай бастадық. Сауда-сауық орталықтары жабық тұрса да, эпидемия өршіп жатыр, бұл қалай? Үш апта өтті. Олай болса жұмысымыз шағын бизнес нысандарына: үй маңындағы, квартал ішіндегі дүкендерге бағытталады, — деді Азаттық сауалына жауап берген Бекшин.

Бекшин демалыс күндері қоғамдық көлік жұмысын шектеудің де нәтиже бермегенін мойындады. Бұдан бұрын сенбі, жексенбіде Алматыдағы автобустар, троллейбустар мен метро таңертең 6-10, кешкісін 17-22 аралығында ғана қатынайды деген ереже шыққан.

— Эпидемиологиялық зерттеу бойынша, бұл шаралардан пайда болмаған. 14-20 наурыз аралығында қоғамдық орында [коронавирус жұқтыру көрсеткіші] 18,2 пайыз болса, жаңа қаулы қабылдардың алдындағы соңғы аптада жұқтыру көрсеткіші керісінше өсіп, 21,3 пайызға жеткен. Сондықтан біз дүрбелең болмауы үшін қалыпты кестеге көштік. Жолаушылар көп топтаспайтын болды, — деді Бекшин.

Бекшиннің айтуынша, қазір жұрт ауруды көбіне жаяулар жолында, паркте жұқтырып жатыр, сондықтан билік бұл орындарды «тәртіп орнатудың» ережесін әзірлемек.

Алматыда 1-5 және 9, 11 сыныптарда бала саны 15-тен аспайтын кезекші топтар ашып, оффлайн режимде оқуға рұқсат берілген. Бекшиннің айтуынша, санитар-эпидемиологтар негізінен онлайн оқып жатқан балалар ауру жұқтырады деген тұжырым жасағандықтан, осындай шешім қабылданған.

3 сәуірден бастап Қазақстанның ең ірі қаласы – Алматыда карантин босаңсыды. Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны біршама артқанына қарамастан, базар, сауда орталығы, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану сияқты орындар біршама шектеумен жұмыс істей бастады. Наурыз айында бас санитар дәрігер кәсіпкерлік нысандарының көбінің жұмысын шектеу, тіпті уақытша тоқтату туралы қаулы шығарған. Бұдан соң кәсіпкерлер қызметкерлер жалақысы мен ғимарат жалдау өтемі үшін күніне екі миллиард теңге төлеуді талап еткен.

Денсаулық сақтау министрлігінің 5 сәуірдегі мәліметі бойынша, жексенбіде Алматыда Covid диагнозымен 611 адам тіркелген. Соңғы күндері қалада инфекция жұқтыру көрсеткіші күніне 500 адамнан асып тұр.

centralasian.org

Комментарий (0)
Добавить комментарий