Бекшин: Шілде айында алматылықтардың ұжымдық иммунитеті 30%-ға жетеді

Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин шілденің соңына таман елдегі ең ірі қалада коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитет 30 пайызға жетеді деп топшылайды.

– Алматыда коронавирус індеті кезінде халықта иммундық қабат қалыптасты. Қазір алматылықтардың 23 пайызының коронавирусқа қарсы иммунитеті бар: 18 пайызына вакцина егілген, 5 пайызы ауырып шыққан, – деді бейсенбі күнгі брифинг кезінде Жандарбек Бекшин.

Оның сөзіне қарағанда, шілденің соңына қарай ұжымдық иммунитет 30 пайызға жетуі тиіс.

17 маусым күнгі ақпарат бойынша, Алматыда 361 880 адамға коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде бір дозасы салынған, 247 мыңы екінші дозасын да алған.

Маусымның басында Бекшин қалада ұжымдық иммунитет деңгейі 21 пайызға жетті деп мәлімдеген еді. Ол кезде 316 407 адам вакцина алған. Ал мамыр айында ол бұл көрсеткіш 20-25 пайызды құрайды: 15 пайызына вакцина егілген, қалған 10 пайызы былтыр мен биыл ауырып шыққандар деген.

2020 жылдың желтоқсан айында Бекшин санитарлық-эпидемиологиялық сараптама мен мониторинг жөніндегі ғылыми-практикалық орталық мәліметіне сүйене отырып, Алматы тұрғындарының 55-56 пайызында ұжымдық иммунитет қалыптасты деген болатын. Дегенмен ол аталған зерттеуге аз адам қатысқандықтан ондағы мәлімет те нақты болмауы мүмкін екенін ескерткен.

17 маусым күнгі брифинг кезінде Бекшин Алматыда жыл соңына дейін 1 млн 90 мың адамға екпе егілетінін айтты. Вакцина алатындар қатарына коронавируспен ауырып шыққандар, жүкті әйелдер, бала емізіп жүрген әйелдер сонымен бірге созылмалы ауруға байланысты екпе ала алмайтындар кірмеген.

– Вакциналау науқанының жылдамдығына қарай үнемі түзетулер енгізіп отырамыз. Апта сайын жоспарды өзгертеміз. Басында күн сайын 5 мың адамға вакцина егеміз деген ойлағанбыз. Қазір жоспарды 7 мыңға жеткіздік. Бұл жоспар орындалмаса, тағы жоғарылатамыз, – деді Бекшин.

Ал Алматы қаласы 19 маусымнан бастап коронавирус бойынша «жасыл аймаққа» оралады. Соған орай 17 маусымда Жандарбек Бекшин карантиндік шектеулер жұмсаратынын хабарлады. 21 маусымнан бастап «Алматы-1», «Алматы-2» теміржол вокзалдарына Ashyq қосымша жүйесі енгізіледі.

Одан бөлек, супермаркет, азық-түлік және азық-түлік емес тауар сататын сауда орындары, дүкендер мен базарлар шектеусіз жұмыс істей бастайды. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің жұмысына шектеу қойылмайды, бірақ мұндай орындарда әзірге шара өткізуге рұқсат етілмейді.

Қызметкерлердің 70 пайызына кеңседен жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Діни нысандар 30 пайыздан артық толмауы тиіс. Ashyq жобасына қатысатын қоғамдық тамақтану орындары таңертеңгі сағат 7 мен түнгі сағат 2 аралығында істей алады, бірақ залдарды жартылай ғана толтыруға рұқсат. Ал Ashyq жобасына қатыспайтындар залдарына 50-ден артық адам отырғыза алмайды. Фудкорт, монша, сауна, спа-орталық, бассейндер шектеусіз жұмыс істейді.

Ashyq жобасына қатысатын театр, кинотеатр, концерт залдары мен филормонияларға залдарын жартылай толтыруға рұқсат берілген. Ал Ashyq жобасына қатыспайтындар залды 30 пайызға ғана толтыра алады. Ас беру орындарына да дәл сондай шектеу енгізіледі. Ал түнгі клубтар мен караокелерге жұмыс істеуге тыйым салынған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий