Беларусьта сот отырысы кезінде саяси белсенді Степан Латыпов кеңірдегін кесіп, ауруханаға жеткізілді.
«Весна» құқық қорғау ұйымының мәліметіне қарағанда, белсенді өзіне қол салардың алдында әкесіне қарап, «Әке, сізбен соңғы кездескеннен кейін, егер тағылған айыптарды мойныңа алмасаң, туыстарыңды және көршілеріңді қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп айтты», — деген.
Сотқа қатысқан куәгерлердің айтуынша, ол кеңірдегін кесіп тастаған. Күзетшілер темір торды бірден аша алмады. Есік ашылғанша, Степан есін жоғалтты.
Белсендіні «жедел жәрдем» алып кетіп, ота жасалғаны, қазір жағдайы қанағаттанарлық екені кейін хабарланды.
Степан Латыпов 15 қыркүйекте үйінің есігі алдында оппозициялық символдарды өшіріп жатқандарға қарсылық көрсеткені үшін ұсталған. Кейін Латыповқа «Милиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетті», «Қоғамдық тәртіпті бұзып, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды», «Ірі көлемде алаяқтық жасады» деген айыптар тағылған.
Латыпов былтыр жаздан бері қамалған он мыңдаған беларусьтың бірі. Соңғы президент сайлауында Александр Лукашенконың жеңгені жарияланған. Оппозиция және оның жақтастары сайлау қорытындысын танудан бас тартып, жаңа сайлау өткізуді талап етіп, митингіге шыққан.