Алмас Хамзаев. Фото: qazaquni.kz
Шара барсында «Қазақстан» телеарнасының журналисі Еуразиялық экономикалық одаққа көзқарасы жайында сұраған еді. Сонымен қатар, ол елшінің бұған дейін ресми тілде айтқан ақпаратын мемлекеттік тілде қайталап беруді өтінді.
Алайда, Хамзаев «барлығына бірдей түсінікті болсын» деген желеумен ақпаратының бәрін қайтадан орыс тілінде айтып шықты. Бұдан соң, тележурналист елшіден қосымша бір-екі ауыз сөзді мемлекеттік тілде жеткізуді тағы да сұрады.
Дегенмен, Алмас мырза оны дұрыс түсінбеген болуы керек. «Біз бұл жерде менің қазақ тілін білу деңгейімді тексеру үшін жиналмаған шығармыз», — деді. Содан соң ол қажет болса, мемлекеттік тілде бөлек сұxбат беруге дайын екенін де айтып қалған.
Осы орайда, аталмыш ақпаратты естіген танымал ақын Қазыбек Иса «Қазақ үні» басылымына өзінің ойын жеткізіп, үндеу жариялаған.
«Мен «Миымды ауыстырмасаңдар қазақ тілін үйрене алмаймын» деген министрі бар елдің азаматы болуға шыдаған ақын едім. Енді қазақ тілінде — мемлекеттік тілде сөйлеуден бас тартқан елшісі бар елдің азаматы болуға амал жоқ шыдап отырмын!
Мен тәуелсіз қазақ елінің еркін ақыны ретінде, «Қазақ үні» ұлттық порталының басшысы, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары ретінде парламенттегі біздің депутаттардан мемлекеттік тілімізді – мемлекеттік мүддемізді таптаған мынадай елшіні орнынан кетіруге үн қосуын қалаймын», — деп жазды ол.