Белгілі қазақ қызына астаналық шенеуніктер тоқал болуға ұсыныс жасаған (фото)

Былтыр жыл соңында қыздардың шетелдікке тұрмысқа шығуын қолдайтынын айтқан Жанерке Елшін есімді қазақ қызы біразға дейін желіні шулатқан еді. Ол отандық онлайн басылымдардың бірінде әнші Нұрлан Еспановпен осы тақырыпта сөз таластырған болатын. Бойжеткеннің айтуынша, осыдан кейін оның артынан талай сөз ерген. Тіпті оған астаналық шенеуніктерден тоқал болуға бірнеше ұсыныс түскен деп хабарлайды NUR.KZ.

Жанерке Елшін бағдарламаға оның авторы әрі жүргізушісі, белгілі рэпер Жан Ахмадиевтің өтінішімен қатысқан.

«Ол жерде шетелдікке тұрмысқа шығамын деген дүние мүлде аузымнан шыққан жоқ. Ақиқатын айтсам, мен Жан Ахмадиевпен бұрыннан таныспын. Ол кісі екеуміз бірге біраз жұмыс істегенбіз. Өзімнің мамандығым – журналист. Ол отандық сайттардың бірінде ашылған жобаға жұмысқа шақырылыпты. Бағдарламаның түр сипаты дебат болуы керек екен. Ал жүргізуші ретінде Жан Ахмадиев екі сөйлеушіні байланыстыратын модератордың қызметін атқарды.

Бағдарлама рейтинг жинау үшін шақырылған екі қонақ қызықты, тартысты жарыссөзге түсуі тиіс. Жан Ахмадиев менің әртістік қабілетімнен, тілге шешен екенімнен, дебаттан тәжірибемнің барынан хабардар. Ол маған тақырыптың күрделі болатынын бірден ескертті. Маған тосыннан шетелдікке тұрмысқа шығып кетіп жатқан қыздардың сөзін сөйлеп беруімді өтінді. Осы тақырыпты ашатындай дәлел, дәйек келтіру керек болды», — дейді шындығын айта келе Жанерке Елшін.

Жас журналист қазақы отбасында тәрбиеленген екен. Сондықтан да ол шетелдік азаматқа тұрмысқа шығуды ойламайтын болып шықты.

«Мен қазақы тәрбие алған қызбын. Шетелдікке тұрмысқа шықпаймын. Бұл маған мүлде қарама-қарсы образ болды. Алғаш осы өтінішті естігенде ата-анамды, туысқандарымды, достарымды ойладым. Жан Ахмадиевтің: «Өзіңді актриса ретінде шыңдап жүрсің ғой, осы пікірді қолдап көрсеңші» деген сөзін жерге тастай алмадым», — дейді ағынан жарылған Жанерке.

Бастапқыда оған Ринат Зайытовпен жарыссөзге түсесің деп айтылыпты. Алайда бағдарлама түсірілетін күні қолы тимеген айтыскерді әнші Нұрлан Еспанов алмастырған.

Жанеркенің айтуынша бағдарлама барысында ол шетелдікке тұрмысқа шыққан қазақ қыздарының образына кіріп, оларды түсініп көрген. Ол осылайша қазақ жігіттерін оятуға, белсенділікке талпындыруға тырысқан.

«Менің шетелдікке шыққан әп-әдемі таныстарым, құрбыларым бар. Мен олар неліктен сондай қадамға барды деп ойланатынмын. Солардың жанын түсінгім келді. Кейбір қазақ жігіттерінің епсіздігі, жалқаулығы туралы ойымды көп қыздар қолдап жазыпты. Мен тек сол ойды жеткізушімін. Ол менің жеке пікірім емес», — дейді Жанерке Елшін.

Жанерке осы бағдарламадан соң сынның астында қалғанын жасырмайды. Сыннан бөлек оған тоқалдыққа аламыз дегендер ұсыныстар түсе бастаған.

«Инстаграмда мені тауып алып, нөмірімді алдап алып, Астанадан хабарласқан адам болды. Ол кісіден «Нұрлан Еспановқа тоқал болмасаңыз, сізді мен алайын. Не сұрасаң, бәрін береміз. Қалыңмал апарамыз» деген ұсынысты естідім. Өзінің әйелі бар, екінші әйел қылып алмақшы екен.

Мен оған бағдарламаның шоу болғанын айтып түсіндірдім. Онымен өзінің намысы барын дәлелдегісі келсе, жасы қырықтан асқан әйелге барып дәлелдесін. Ал, екінші ретінде Нұрлан Еспанов ағамызға біреу министрліктен хабарласып, мені тоқалдыққа алғысы келетінін білдіріпті. Нұрлан аға менің нөмірімді білмейтінін айтқан», — дейді бойжеткен.

Мақала ҚР заңнамасымен қорғалған. Мақаланы көшіріп басуға сайт әкімшілігі рұқсат етпейді.

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий