Белгілі заңгер телеарнадағы тоқалдар мен порноактрисалар туралы ашық айтты

Айгүл Орынбек. Фото: Facebook

Белгілі заңгер, әрі блогер Айгүл Орынбек желідегі парақшасында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа отандық телеарналарға қатысты қатаң сын айтып, эфирдегі бассыздықтан шаршағанын жеткізді.

«Көгілдір экранға порноактрисаларды шығару үшін қанша қаражат бөліп отырсыздар? Біз салықты соларды көру үшін төлеп отырмыз ба? Ауыздарынан іріген сөздерді айтатын арулар телевидениенің жұлдызы боп кетіпті ғой. Ақпарат министрлігі не үшін құрылды? Дəурен мырза сіз анда коммуникация, ЭКСПО деп жүргеніңізде. Бір жөні түзу жүргізушіге жарымай қойдық.

Өңкей тоқалдар эфирде ақылын айтып, малтасын езіп отырады. Олар алдымен өздерін дұрыстап алсыншы. 2-3 байды қолғапша ауыстырып алып, мәймөңкелеп данышпанситынын қайтерсің. Анау жүр күйеуінің көзіне бөренені салып алып, тайраңдап»,- дейді ол.

Заңгер Ақпарат министрі Дәурен Абаевтан тікелей эфирді қолға алуын сұрайды.

«Дәурен мырза, тезірек эфирді қолға алыңыз! Әйтпесе, жақында Ресейдің «Дом 2» -сындағы Беркова сияқты порноактрисалар қаптап кетеді. Сосын жүргеніміз Жириновский секілді күшеніп, құрта алмай. Біздің менталитетке жат нәрселерді көрсетпеуді талап етем! Халықпен санасыңыз! Халық — үлкен күш. Телевидениедегілерге қарап жастар бой түзейді. Болашақ жастардың бұзылғанын қаламаймын!», — деп ашынады Айгүл.

Ол телеарнаның тәрбие құралы екенін, көгілдір экранның  бүтін бір ұлтты тәрбиелейтінін алға тартады.

«Экран бетінен əнші — журналист сымақтар құрысын! Телеарна бүкіл бір ұлттың қалыптасуына әсер етеді. Ал біздің телерналар өңкей əнші, биші, порно əртістер мен алаяқтарды шығаруға үйреніп алған. Рейтинг үшін ештеңеден тайынбайтын болды бұлар. Ақпарат министрлігі құрылғанда қатты қуанып едім, ал күні кеше түнде телевизорды қосқанда қуанышым бірден басылды. «Қалаулым » деген бағдарламаны көріп отырып жастарды аядым»,- деп жазады заңгер.

Әлеуметтік желі белсендісі қазақи бағдарламаларды көргісі келетінін және бұл барша қазақ халқының қалауы екенін жеткізді.

«Құрметті Абаев Дəурен мырза! Елдің болашағын ойласаңыз экран бетін тазалауды сұраймын. Кәсіби мықты журналистер мен қазақи бағдарламаларды көргім келеді. Бұл жалғыз менің арманым емес, бүкіл халықтың арманы деп ойлаймын! Солай ма халқым? Біздің төлеп жатқан салығымыз далаға ұшпасын. Қай телеарнаға қанша қаражат бөлініп жатыр сол жайлы ақ ақпаратты халық алдына шығаруыңызды сұраймын», -деді Айгүл Орынбек.

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий