Қазақстанда азаматтық белсенді Асқар Сембайға оның әлеуметтік желілердегі «биліктің беделін түсірген» мәлімдемесі бойынша айып тағылған. Бұл туралы 26 маусымда белсендінің адвокаты Мейіржан Досқараев мәлімдеді.
Мамырдың ортасында Асқар Сембай «Тыйым салынған ұйымның ісіне қатысу» бабы бойынша күдікті ретінде ұсталып, сот шешімімен 13 шілдеге дейін қамауға алынғаны белгілі болған.
Адвокаттың сөзінше, Сембай оның әлеуметтік желілеріне «мониторинг жүргізген» полиция қызметкерлерінің қорытындысы бойынша қамауға алынған.
«Полиция қорытындысында Сембайдың тіркеуден өтпеген «Қазақстанның демокртиялық таңдауы» қозғалысын қолдаған материалдар табылғаны жазылған. Тергеу мәліметіне сәйкес, ол президент ісіне теріс баға беріп, 2022 жылы қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауында Астана тұрғындарын дауыс беруге емес, қашқындағы банкир Мұхтар Әблязов митинг үшін белгілеген жерлерге шығуға шақырған. Мұндай әрекеттерімен ол биліктің беделін түсірген», — деді Досқараев.
Асқар Сембайды полиция 12 мамырда ұстап әкеткен еді. Бұған дейін адвокаты оны 405-бап 2-бөлігі бойынша («тыйым салынған ұйымның ісіне араласу» бабы) уақытша қамау изоляторында ұстап отырғанын хабарлаған.
Tirek.info сайтындағы мәліметке қарағанда, Асқар Сембай азаматтардың құқықтарын талап еткен бейбіт жиындарға қатысып, бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылған. Адвокаттың айтуынша, белсенді 2019 жылдан бері 15 рет әкімшілік жазаға тартылған.
2020 жыл тіркелмеген «Көше» партиясына байланысты тергелген. Астана соты «Көше партиясы» мен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалыстарын «экстремистік ұйым» деп танығанмен Еуропарламент оларды «бейбіт оппозициялық ұйым» деп таныған.
Қазақстанда бұған дейін жүздеген белсенді осы екі ұйымның ісіне қатысы бар деген айыппен сотталған. Олардың көбін құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп таныған.