Берлин: Польшаға Украинаға танкілер беруіне кедергі бола алмаймыз

Германия Польшаға «Леопард-2» танкілерін Украинаға беруге рұқсат етуге дайын.

Осылай деп жексенбі күні Германия сыртқы істер министрі Анналена Бербок мәлімдеді.

«Варшава егер бізден сұраса, біз жолына кедергі бола алмаймыз» деген сөздерін батыс ақпарат агенттіктері жазды.

«Біз бұл танкілердің Украинаға қаншалықты маңызды екенін білеміз. Қазір әріптестерімізбен талқылап жатырмыз. Бізге Украина аумағы босатылып, адам өмірін сақтап қалу маңызды», — деді Бербок.

Польша премьер-министрі Матеуш Моравецкий осының алдында Варшава Киевке немістер өндірілген танкілерді Германия қарсы болса да, беретінін мәлімдеген. «Украина қанға бөгіліп жатқанда, қол қусырып қарап отыра алмаймыз», — деген Моравецкий Твиттерге.

Осының алдында Франция президенті Эммануэль Макрон Украинаға «Леклерк» танкілерін, Ұлыбритания болса «Челленджер-2» танкілерін беретінін мәлімдеген.

20 қаңтарда АҚШ-тың Германиядағы әскери базасы «Рамштайнда» Украинаға әскери көмек беру мәселесі бойынша келіссөз өткен. Германия қорғаныс министрі Борис Писториустың айтуынша, көктемге қарай Германия Украинаға 1 млрд еуро көлемінде жаңа әскери көмек пакетін әзірлейді. Оның сөзіне қарағанда, Берлин Украинаға әуе шабуылынан қорғайтын Patriot кешенін, «Гепард» маркалы өздігімен жүретін жеті артиллерия қондырғысы, «Ирис-Т» ракета жүйесін береді.

Украинаға 400 млн еуро көлемінде көмек беретінін Финляндия да мәлімдеді.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий