Беташарды Skype арқылы өткізген қарағандылық жұп жұртты таңғалдырды

Беташарды Skype арқылы өткізгендер жайлы видео жұртты таңғалдырды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Беташар салты бейнеленген видеоны Facebook қолданушысы Бекзат Рымқұлов жүктеді. Ол бұл рәсімде оператор болған. Оқиға Қарағандыда 23 сәуірде болып өтіпті. Оның айтуынша, күйеу баланың ата-анасы 160-170 қонақты шақырыпты.

«Сол күні беташар мен неке қию рәсімі онлайн түрде өтті. Молда келіп, беташардан кейін неке қию рәсімін өткізді, сосын олар мұсылманша некеге отырғаны туралы куәлік алды», — деді той операторы.

Оның айтуынша, рәсім толықтай дәстүр бойынша өткен. Бекзат Рымқұлов шақырылған қонақтардың мұндай рәсімді қалай қабылдағанын айтып берді. «Барлығы телефондарын шығарып, түсіре бастады, қазір біреу құлап қалса сөйтіп, түсіріп жатады ғой. Сол сияқты. Мен оператор болдым, ұялы телефонға да түсірдім», — деді оператор.

Қалыңдық пен күйеу бала Қазақстанда танысқан. Тойға қыздың туыстары да келіпті. Ал күйеу жолдас пен қыз жолдас АҚШ-та болған.

«Біз бастаған кезде оларда түнгі бір болды. Үзіліс аяқталғаннан кейін жастардың ата-анасы оларды ұйықтауға жіберді», — деді той операторы.

Оның айтуынша, қалыңдық пен күйеу жігіт АҚШ-та оқып жатыр екен, құжаттарымен мәселе туындап, сондықтан елге орала алмапты. Асаба онлайн-тойды 30 жылда тұңғыш рет өткізіп отырғанын және аң-таң болғанын айтыпты. Ал оператор мұндай онлайн-беташарды осымен екінші рет көріп отырғанын жеткізді.



Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий