Билік ҰҚШҰ әскері ел аумағынан толық шыққанын хабарлады

Қаңтар оқиғасына байланысты елге енгізілген Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскері Қазақстан аумағынан толық шықты. Қорғаныс министрлігінің халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы Олжас Құсайынов сәрсенбі күнгі брифинг кезінде осылай деп мәлімдеді.

– Қазақстан Республикасының аумағында шет мемлекеттердің әскери қызметшілері жоқ, – деді департамент жетекшісі.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің еуразиялық интеграция департаментінің директоры Александр Синяговский «бітігершілік миссия терроризмге қарсы операцияға бағытталған қазақстандық күштер мен құралдардың едәуір бөлігін босатуға мүмкіндік берді» деп атап өтті.

Министрліктің мәліметінше, елге 6 қаңтардан бастап 2 мыңнан астам адам және 250 техника жеткізілген.

  • Қаңтар басында Қазақстан қалаларындағы наразылықтың соңы қақтығысқа ұласқан кезде президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қаңтарда елде төтенше жағдай жариялап, ұйымнан әскери көмек сұраған. Тоқаев қаңтар басындағы оқиғаны «мемлекеттік төңкеріс жасау талпынысы» деп атап, шабуылдың артында «халықаралық террористер тұр» деп айтқан, бірақ «шабуылдаушылардың» қай елден келгенін нақтыламаған.
  • Жаңаөзенде сұйытылған газдың қымбаттауынан басталған наразылық кейін Қазақстанның өзге өңірлеріне тарап, соңы тәртіпсіздікке ұласқан. Наразылардың экономикалық талаптарына бірте-бірте саяси талаптар қосылды.
  • Бейбіт демонстранттардың тәртіпсіздікке қатысы бар-жоғы әлі күнге дейін белгісіз. Билік қаңтар оқиғасы салдарынан кемінде 227 адам қаза болғанын хабарлады. Ұсталғандар он мыңға жуықтады.
  • БҰҰ құқық қорғаушылары бұған дейін Қазақстан билігін «халыққа қару қолдануды тоқтатуға» шақырған. Кей сарапшылар Қазақстандағы қаңтар оқиғасынан биліктің өз ішіндегі талас-тартыс белгілерін аңғарған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий