Билік басындағы ана тілін білмейтін шенеуніктер

Соңғы кездері қазақшаға қырын қарайтындардың қарасы көбейіп келеді. Бұл күні бүгін қылаң берген құбылыс емес деп жазады Корреспондент басылымы.

Өткен айда ғана Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың басы дауға қалды.  16 мамырда парламентке келген министрдің бар «кінәсі» өзіне мемлекеттік тілде сұрақ қойған мәжіліс депутаты Геннадий Шиповскихтің сұрағына орысша жауап бергені.

Естеріңізде болса, 16 ақпанда Алматыда өткен жиында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сұрақ қойылған тілде жауап бермегендер қызметтен қуылсын!» деген еді.

Бірақ бұл жөніндегі «Тілдер туралы»заңда да: «Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың азаматтардың өтініштеріне жауаптары және басқа құжаттар мемлекеттік тілде немесе өтініш етілген тілде қайтарылады»,- деп жазылған.

Сөзімізге дәлел болсын деп диалогты сөзбе-сөз келтірсек. Мәжіліс депутаты Генадий Шиповских министрге: «Соңғы 8 жылдың көлемінде республика бойынша уақытша оқшаулау орталығы, бейімделу мекемелеріне 70 мыңнан астам кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер жеткізілді. Сізге сұрағым, осы көрсеткіштерді азайту үшін қазіргі кезде нақты қандай іс-шаралар қолданып жатырсыздар?» деген болатын. Міне осындай қазақша сарнап тұрған азаматтың сауалына ол: «Сұраққа рахмет! Рұқсат болса, мен орысша жауап берейін. Я сказал, что нам надо заниматься. Какие школы нам надо решать. Всего у нас 8 учебных заведений и всего одна спецшкола для тех, кто совершил преступление», – деді.

Бұл биылғы ішкі істер министрінің «бүлдіргені». Ал өткен жылғы тіл төңірегіндегі шу Сыртқы істер министрінің төңірегінде туындаған еді.

«Ыдырысов қашан қазақша сөйлейді?» деген сұрақтан ығыр болғандар «Әлемде өз тілін білмейтін Сыртқы істер министрі бар ма?»-деп байбалам салған-ды. Шынында да бүгінгі министрлердің ғана емес, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгілердің көбі көпке түсінікті тіл – орыс тілі деген түсінікпен қалып қойған. Ал бір кездері осы Ыдырысовтың өзі: «Қазақ тілі – дипломатияның тілі емес, қазақ тілі дипломатияның, халықаралық саясаттың тілі бола алмайды» деген болатын.

Біздің елде бір тіл түгілі бірнеше тілді білетіндер жетіп артылады.Қаны қазақ, жаны қазақ азаматтарымыз кез-келген тілді оп-оңай меңгеріп алады. Соның бірі — Ерлан Ыдырысов.

Ағылшын тіліне судай оның там-тұмдап тұрған французшасы да бар. Пәкістанның ресми тілі – урду тілін де бір пәкістандықтай біледі. Ол ол ғана ма, хинди тіліне де жетік. Бір сөзбен айтқанда полиглот.

«Бірақ неге екені белгісіз, қазақ тіліне келгенде сауаты жетпей-ақ қойды. Мұның бәрі мақтаныш екенін білетін басшының туған тілін білмеу ұят екенін білмеуі мүмкін емес шығар енді. Ішкі істер министрін қоя берші не істесе де ішімізде ғой, Сыртқы істер министрінің сыртқа шығып келетінін айтсаңызшы… Ол тілін құрметтемесе оған кім құрмет танытуы мүмкін?», — деп жазады автор.

Ал жуырда ғана Қалиев қазақ тіліне тағы да қарсы шықты. Көкшетаудағы жер реформасы бойынша жасақталған комиссияның 21-мамыр күнгі оқиғаны талқылаған отырысында «Ауыл» партиясының экс-төрағасы, қазіргі профессор Ғани Қалиев мырза тағы төбе көрсетті.

Білдей төраға болған ол: «Біріншіден, әрине біз осы үлкен мәселені талқылап отырмыз. Бізге бәрі қарап отыр. Оның бәрін қайталап айтқым келмейді. Ал дегенмен, бізде осы комиссияның сөздерін, пікірлерін халық түсінуі үшін, біз осы комиссияның ішінде бір-бірімізді ұғынып, жақсы түсініп алуымыз керек. Мұқаңа айтайын деп отырмын (Мұхтар Шаханов – ред.) біз сөйлегенде, мен мысалы өзім сөйлегенде менің айтқан сөзімді осы отырған халық түгел ұқса екен, түсінсе екен деймін. Ал енді бәрі бір тілді маман болмағандықтан, осында әр ұлттың адамы отыр. Оны енді орысшасын бір айтып, қазақшасын бір айтып, қайталамай, кейде бәріне ұғынықты болсын деп, орысша да айтуымызға болады деп ойлаймын. Мұқа, мен ақын, жазушы болмасам да, қазақша бір адамдай-ақ білемін. Ал мынау біреуіміз орысша айтсақ, мынау жартылай орыс боп кеткен деген әңгімені қою керек. Біз бір-бірімізге сыпайылықпен түсінісейік», – деген еді.

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий