Біртанов пен Әбішевке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталды

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталды.

Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Тергеу органдарының мәліметінше, мемлекетке 1,5 млрд теңге (4,1 млн доллар) көлемінде шығын келген.

Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, Біртанов пен Әбішев «істен шыққан» платформаны қабылдап, пайдалануға берді, осылайша қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деп айыпталып отыр. Аталған платформа денсаулық сақтау жүйесіндегі мәселелерді шешу үшін пациенттер, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар туралы барлық ақпаратты жинауы тиіс болған.

«Қазіргі кезде платформа жұмыс істеп тұрған жоқ және медицина мекемелері пайдаланып жатқан жоқ, жиналған айғақтар соны дәлелдейді» делінген хабарламада.

Ақпаратқа қарағанда, тараптар қылмыстық іс материалдарымен таныса бастаған.

Агенттік сонымен бірге Біртановтың 2020 жылы маусым айында «санитарлық авиацияны жеке мақсатқа пайдаланды» деген күдікке ілініп отырғанын да хабарлады.

Қазір бұрынғы министр Елжан Біртанов үйқамақта отыр. Ол тағылған айыптарды мойындамайды. Бұған дейін қорғау тарабы денсаулық сақтау жүйесіндегі платформаның істеп тұрғанын, іске платформаны жасаған Ericsson Nikola Tesla өкілдері, не мердігер, не платформаны қабылдаған комиссия мүшелері тартылмағанына назар аударған. Адвокат Дмитрий Куряченко «тергеу органдарының әрекеті істі объективті жүргізуге емес, Біртановты қудалауға бағытталып отыр» деп мәлімдеген.

Елжан Біртанов 2017 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың маусымның соңына дейін денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Ол коронавируспен ауырғандар саны күрт көбейіп, ауруханаларда орын жетпей қалған тұста отставкаға кеткен. Оның орнына Алексей Цой қызметке келді.

Біртанов командасында министрдің орынбасары болып жұмыс істеген Олжас Әбішев былтыр тамыздың басында қамалған. Артынша бұрынғы вице-министрге ақпараттық жүйелер құру үшін бөлінген 500 млн теңгедей қаражатты жымқырды деген айып тағылғаны белгілі болды.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий