Біртанов пен оның орынбасары мемлекетке 1,5 млрд теңге шығын келтірді деген күдікке ілінді

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішев мемлекетке 1,5 млрд теңге көлемінде шығын келтірді деген күдікке ілініп отыр. Бұл туралы Vlast сайты жазды.

Сайттың хабарлауынша, 5 мамырда тергеу сотында прокурор бұрынғы министрдің үйқамақ мерзімін тағы бір айға созуды сұраған.

Сәрсенбі күні прокурор Төлеген Жарасбаев күдікті Біртановтың шектеулерге қарамастан хат жолдап, отбасы, адвокатынан басқа адамдармен араласып, «ереже бұзғанын» атап өткен. Айыптау тарабы оған медициналық мекемеден басқа жаққа баруға толық тыйым салуды, телефон арқылы келіссөз жүргізбеуді, хат жолдамауды, отбасы, адвокатынан басқа ешкіммен сөйлеспеуді міндеттеуін сұраған. Үйқамақ мерзімін 14 маусымға дейін созуды өтінген. Сот 6 мамырда жалғасады.

Тергеу органдарының болжамынша, 2015 жылы денсаулық сақтау министрлігі хорваттың Ericsson Nikola Tesla компаниясымен құны 17,8 млн доллар болатын «денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық платформаны» елге әкелу бойынша келісім жасасқан. Бірыңғай дерек қоры сақталады делінген платформа денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйені біріктіруі тиіс болған.

«Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов платформаның жұмыс істемейтінін біле тұрып, [бұрынғы вице-министр] Олжас Әбішевпен келісіп, 2018 жылы 17 емдеу мекемесінде платформаны пилоттық тұрғыда пайдалану туралы бұйрыққа қол қойған». Прокурор іс жүзінде пилоттық пайдалану жүзеге аспады деп санайды.

Айыптау тарабының айтуынша, бұрынғы министр мемлекет басшылығына платформаның 17 мекемеде сыналғаны жайлы ақпарат беріп, жаңылдырған. Ал вице-министр Әбішев «мемлекеттік сатып алу туралы» заңға жүгінбей 2018 жылы қазан айында Ericsson Nikola Tesla компаниясымен 9 млн долларға келісім жасасып, жұмыс атқарылмаса да желтоқсан айында актіге қол қойып, Ericsson Nikola Tesla компаниясына 6,8 млн долларды аударған. Былтыр ақпан айында Біртанов платформаны өнеркәсіптік пайдалануға енгізу туралы бұйрыққа қол қойған. Бірақ платформа әлі іске қосылмаған дейді айыптау тарабы. Прокурор осылайша Біртанов, Әбішев және өзге тұлғалардың әрекетінің салдарынан мемлекетке 1,5 млрд теңге көлемінде шығын келді деп санайды.

Бұған дейін Біртановтың адвокаты Дмитрий Куряченко тергеу органдарында бұрынғы министрдің кінәсін дәлелдейтін бұлтартпас айғақтар жоғын алға тартып, «тергеу органдарының әрекеті істі объективті жүргізуге емес, Біртановты қудалауға бағытталып отыр» деп мәлімдеген еді. Адвокат даулы платформаның жұмыс істеп тұрғанын, іске платформаны жасаған Ericsson Nikola Tesla өкілдері, не мердігер, не платформаны қабылдаған комиссия мүшелері тартылмағанына назар аударған. Адвокат платформаны қабылдау-пайдалану актісіне қол қоймаған Біртановтың заңсыз қудаланып жатқанын, оның үйқамақта заңсыз отырғанын да айтқан.

Былтыр қарашада Біртановтың «ірі көлемде қаржы жымқыру» күдігі бойынша ұсталғаны белгілі болған. Сол кезде бірқатар жергілікті БАҚ экс-министрдің цифрландыруға бөлінген 526 миллион теңге көлемінде (1,2 миллион доллар) қаражатты «иемденді» деп айыпталғанын жазды.

Біртанов ұсталғаннан кейін әлеуметтік желіде оны қолдау акциялары өтті. Қолданушылар биліктен оны босатуды сұраған.

Бұған дейін адвокаты президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, экс-министрдің «заңсыз қудалануын» бақылауына алуды өтінген.

50 жастағы Елжан Біртанов 2017 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың маусымның соңына дейін денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Ол коронавируспен ауырғандар саны күрт көбейіп, ауруханаларда орын жетпей қалған тұста отставкаға кеткен. Оның орнына Алексей Цой қызметке келді.

Сәуір айында тергеу соты оның үйқамақ жағдайын жеңілдетіп, 8.00 бен 19.00 аралығында қоғам мен отбасына пайда келтіру үшін үйден шығуға рұқсат еткен. Жақында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой оның «коммерциялық мекемеде» жұмыс істейтінін айтқан.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий