Қырғызстан сыртқы істер министрлігі алты азаматтың Суданнан эвакуацияланғанын хабарлады.
Министрлік мәліметінше, ұрыс жүріп жатқан Суданнан алты қырғызстандық 2 мамырда Мәскеуге ұшып келді. Оларды жанжал ошағынан шығаруға Қырғызстан сыртқы істер министрлігі, Қырғызстанның Сауд Арабиясындағы елшілігі және Ресейдің Хартум қаласындағы дипломатиялық өкілдігі көмектескен.
Ресей үкіметі ұйымдастырған әуе рейсімен Мәскеуге ұшып келген азаматтарды Қырғызстанның Ресейдегі елшілігінің қызметкерлері күтіп алып, оларды қонақ үйге орналастырды. 3 мамырда қырғызстандықтар Мәскеуден Бішкекке ұшты.
Бұның алдында Суданнан жеті қырғызстандық эвакуацияланған. Олардың үшеуі БҰҰ-ның Хартумдағы өкілдігінде жұмыс істеген.
Суданда үкімет армиясы мен билік жағындағы шұғыл әрекет ету күштері соғысып жатыр.