Бішкекте бір азамат Ресей елшілігі алдында көлік дөңгелегін өртеді

Милиция Ресейдің Бішкектегі елшілігі алдында акция өткізуге талпынған бір ер азаматты ұстады. Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісінің хабарлауынша, ұсталған азамат елшілік ғимаратының алдында автокөлік дөңгелегін өртеген.

Ұсталған азамат акциясының мақсаты туралы сауалдарға жауап беріп үлгермеді. Ол Ресей президенті Владимир Путинге жеті мәрте жазғанын, бірақ жауап болмағанын ғана айтып үлгерді. «Мен бейнеүндеу де түсірдім, бірақ жауап алмадым», — деп мәлімдеді ұсталған азамат.

1-май аудандық ішкі істер басқармасының хабарлауынша, 1961 жылы туған Б.У. есімді азамат ұсталды. Милиция мәліметінше, ол тергеу қызметіне жеткізілді. Тексеру жүріп жатыр.

Ресей елшілігі бұл оқиғаға қатысты әзірге ешқандай мәлімет таратқан жоқ.

Былтыр Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Бішкектегі елшілік алдында соғысты айыптаушылар, сонымен бірге Ресей әрекетін жақтаушылар да бірнеше акция өткізген. Содан кейін жергілікті билік елшілік маңында митинг пен пикет өткізуге тыйым салды.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий