1 сәуірде Бішкек қаласындағы «Ынтымақ» саябағында «Сөз еркіндігі» аллеясына 200-ге жуық шыбық отырғызылды. Шараны президент әкімшілінің ақпараттық саясат қызметі ұйымдастырды.
«Мақсат — медиа өкілдерін біріктіру» дейді бастама авторлары.
Бұның алдында «Қырғызстан медиасы жұмысының платформасында» осы акцияны сынайтын мәлімдеме жарияланды.
«Бұл уақытта «Азаттық Медианың» үстінен қозғалған іс бойынша сот жүріп жатыр, ал оның сайты мен банктегі есептері бұғатталған. Троллдер фабрикасы тәуелсіз медианы, журналалистер мен блогерлерді әлеуметтік желілерде жаманатты етіп көрсетіп жатыр. Азаматтық белсенділерге ойын ашық айтқаны үшін айыппұл салынады. NextTV телеарнасының бас директоры Таалайбек Дүйшенбиев материал жариялағаны үшін сотталды. Қырғызстан азаматы, журналист Болот Теміров елден шығарылды», — деп жазылған мәлімдемеде.
Ұйым БАҚ-қа, журналистерге, блогерлер мен азаматтық белсенділерге қысым көрсетуді доғарғанда ғана билік елге сөз еркіндігін қайтара алады деп есептейді.
Бұның алдында халықаралық Freedom House (FH) ұйымы «Әлемдегі еркіндік» баяндамасында Қырғызстанды «еркін емес» ел қатарына жатқызған. Есеп авторларының пікірінше, Қырғызстанда саяси құқық шектеледі, БАҚ-қа қысым жасалады.
Қаңтардың аяғында халықаралық жеті ұйым Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа үндеу жолдап, сөз еркіндігінің қысымға ұшырағанына алаңдайтынын жеткізген.