«Біздің полиция» — Абай Құттыбай

Шымкент қаласы Полиция департаменті «Біздің полиция» жобасы арқылы қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, құқық тәртібін қамтамасыз етіп жүрген тәртіп сақшыларын таныстырып келеді.

Кезекті кейіпкеріміз — Қаратау АПБ Анықтау бөлімінің анықтаушысы, полиция капитаны Абай Құттыбай.
Абай Құттыбайұлы 1996 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Бала күнінен қоғамның тыныштығын күзетуді, Отанға адал еңбек етуді көздеген оның діттеген мақсаты бар-тын. Ол — тәртіп сақшысы атанып, погондылар қатарынан табылу еді. Мектеп бітірген бойда алға қойған мұратына жету үшін осы бағыттағы жоғарғы оқу орнына түскен. Осылайша ол, 2014-2018 жылдары Алматы қаласындағы Заң академиясын үздік көрсеткішпен тәмамдайды.
Алғашқы еңбек жолын Еңбекші АПБ техник болып бастап, қазіргі кезде Қаратау АПБ Анықтау бөлімінің анықтаушысы лауазымында қызмет атқаруда.

Жүгі ауыр, жауапкершілігі зор саланы абыроймен еңсеріп жүрген полицей әркез өзіне жүктелген міндетті кәсіби шеберлікпен атқарып келеді. Бастысы, жас сақшының жұмыста жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, басшылық тарапынан марапаттар алып, халықтың алғысына бөленіп жүргені қуантады.

«Бос уақытымда атқа мінгенді, көкпарға барғанды, таза ауаға шығып демалғанды жақсы көремін. Алайда, біздің жұмыспен ондай мүмкіндік бола бермейді. Дей тұра, қолым қалт етсе спортпен айналысамын. Бала кезімнен бокспен шұғылданамын. Тәртіп сақшысы физикалық тұрғыда да, білім жағынан да басқалардан оқ бойы озып тұру керек деп ойлаймын. Сондай-ақ, өз ісіңе деген жауапкершілік, табандылық – анықтаушы үшін басты қағида», — дейді полиция капитаны.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі

Комментарий (0)
Добавить комментарий