Ресейдің Украинаға шабуылынан қауіптенген Құрама Штаттар осы аптада Киевтегі елшілігіндегі қызметкерлердің бір бөлігін эвакуациялауы мүмкін. Бұл туралы америкалық CNN телеарнасы хабарлады.
АҚШ-тың Украинадағы елшілігі әзірге бұл ақпаратқа қатысты мәлімет бермеді.
Телеарна дереккөздерінің мәліметінше, елшілік Мемлекеттік департаменттен дипломаттардың отбасыларын, қосалқы қызметкерлерді Киевтен шығаруға рұқсат сұраған. Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен осы аптада Украинаға сапары кезінде дипмиссияның бір бөлігін эвакуациялау мәселесін президент Владимир Зеленскиймен талқылауы мүмкін.
Бұның алдында New York Times газеті Ресей жыл басында Украинадағы дипломаттарының отбасы мүшелерін көшіре бастағанын хабарлаған.
Былтыр күзде бұқаралық ақпарат құралдары Ресей әскерін Украина шекарасына жақын маңға шоғырландырғанын хабарлады. АҚШ және Батыстың басқа да елдері Мәскеу әскери шабуылға дайындалып жатыр деп қауіптенеді. Кремль бұны жоққа шығарып отыр.