Коронавирусқа қарсы вакцина шығарған Moderna мен BioNTech компанияларының жетекшілері және тағы жеті адам миллиардер атанды.
Бұл туралы Oxfam ұйымы хабарлады.
Ұйым есебіне сәйкес, Moderna компаниясының бас директоры Стефан Банселдің байлығы 4,3 миллиард, BioNTech компаниясының бас директоры Угур Шахиннің дәулеті 4 миллиард долларға жеткен.
Миллиардерлер тізіміне тағы төрт адам – Moderna компаниясының иммунологы Тимоти Спрингер (2,2 миллиард), директорлар кеңесінің төрағасы Нубар Афеян (1,9 миллиард), вакциналардын қораптарын шығарған компания жетекшісі Хуан Лопес-Бельмонте (1,8 миллиард) және ғалым Роберт Лэнжер (1,6 миллиард) кірді.
Тағы үш миллиардер Convidicea вакцинасын шығарған қытайлық CanSino Biologics компаниясының тең құрылтайшылары болып есептеледі. Олардың байлығы 1,3 миллиард долларға жеткен.
Oxfam белгілегендей, тоғыз миллиардердің жалпы байлығы вакциналардың бір данасының бағасын есепке алғанда, 780 миллион адамды емдеуге жетеді.
«Біз вакциналарды өндіруді көбейтіп, бағаны түсіріп, әлемді вакциналау үшін бұл монополияларға тосқауыл қоюымыз керек», — деді Oxfam ассоциациясының менеджері Энн Марриотт.
«Оксфам» (Oxfam) ұйымы — кедейшілікпен күресу бағытында жұмыс істейтін халықаралық бірлестік.