«Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to protect journalists) Қазақстан билігін журналистерге жасалған шабуылды жан-жақты тергеуге үндеді.
Ұйым 24 қаңтар күнгі хабарламасында ресми Астананы кінәлілерді жауапқа тартуға және ақпарат құралдарының еркін жұмыс істеуіне жағдай жасауға шақырған.
12 қаңтардан бері Қазақстанда бір журналистің көлігі өртеніп, бірінің пәтеріне «шабуыл жасалды». Редакция кеңсесінің терезесі шағылып, бір сайттың бас редакторының жеке деректері интернетке жарияланып кетті. Бұған дейін полиция көлікті өртеп, редакция кеңсесінің әйнек есігін шақты деп күдікке ілінген бес жасөспірімді ұстағанын хабарлаған.
«Жуырда журналистерге жасалған екі шабуылға қатысты күдіктілерді тез анықтағаны үшін Қазақстан билігі мақтауға тұрарлық болса да, билік ақпарат құралдарына жасалған қорқыту амалдарын жан-жақты тергеуге күш салуы керек және оған тапсырыс берушілер жазалануға тиіс. Егер билік журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаса, «Жаңа Қазақстан» жайлы риторикасы бос сөз болып қала бермек» деді ұйымның Еуропа және Орталық Азия бағдарламалары бойынша үйлестірушісі Гульноза Саид.
Қазақстанда кейінгі кезде тәуелсіз журналистер мен басылымдарға шабуыл жиілеген. Өткен аптада журналист Вадим Борейконың пәтерінің есігіне белгісіз біреулер желім жағып, подъезін бояп кеткен. Журналист полицияға арыз түсіріп, оқиғаны кәсіби қызметімен байланыстырған. Оның алдында Ulysmedia сайтының бас редакторы Самал Ибраева сайттың бұзылғанын хабарлап, алғашқы бетіне өзі мен отбасының жеке деректері жарияланып кеткенін хабарлаған.
Оның алдында Қаңтардағы азаптаулар туралы ақпарат таратып жүрген журналист Динара Егеубаева белгісіз біреулер көлігіне от қойғанын хабарлаған. Ізінше полиция күдікті ретінде бес жасөспірім ұсталғанын хабарлаған.
Елде Elmedia редакциясы отыратын бизнес орталықтың бірінші қабатындағы әйнек есік кейінгі төрт айда алты рет шағылып, кіреберіске «Elmedia» деп қызыл баяумен жазу қалдырылған.
20 қаңтарда президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Тоқаев «құқық қорғау органдарына журналистерге қарсы бағытталған бірқатар қылмыс бойынша мұқият тергеу жүргізуді тапсырды» деп мәлімдеген.
«Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымының мәліметінше, 2023 жылдың алғашқы айы өтпей жатып, Қазақстанда журналистерге бес шабуыл жасалған.
«Журналистерді қорғау комитеті» 24 қаңтар күнгі хабарламасында журналистерге жасалған шабуыл жөнінде Қазақстан ішкі істер министрлігіне ресми сауал жібергенмен жауап келмегенін жазды.
«Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымының «Сөз бостандығы индексінде» Қазақстан 180 елдің арасында 122-орында тұр. Елде сөз бостандығының ахуалы күрделі деп бағаланады.