Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) тәжік билігін қамаудағы азаматтық белсенділер Ульфатхоним Мамадшоева мен Хушруз Жумаевты босатуға шақырды.
«Тәжікстан билігі Ульфатхоним Мамадшоева мен Хушруз Жумаевты бостандыққа шығарып, оларға тағылған барлық айыптарды және олардың ісіндегі «құпия» деген грифті алып тастауы керек», — деп жазылған комитеттің ресми мәлімдемесінде.
CPJ журналистердің ісі бойынша мәлімет беру өтінішімен Тәжікстанның бас прокуратурасына электрондық хат жолдағанын, бірақ ешқандай жауап болмағанын айтады. Бүгінгі күні Тәжікстанда кем дегенде алты журналист ауыр қылмыстарға айыпталып отыр.
Тәуелсіз журналист және азаматтық белсенді Ульфатхоним Мамадшоева биыл 18 мамырда Таулы Бадахшан автоном облысының орталығы Хорог қаласында жаппай наразылық акциясын ұйымдастырды деген айыппен қамалған.
Оған қарсы «Тәжікстан Республикасының конституциялық құрылымын күшпен құлатуға әрекет ету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Мамадшоева қамалғанға дейін әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы Хорогтағы митингке ешқандай қатысы жоқ екенін жеткізген.
Әлеуметтік желілерде Хушом Гулям деген лақап атпен танымал белсенді Хушруз Жумаев 20 мамырда ұсталған. Ол өзінің ютуб каналын жүргізіп, памир елінің тарихы, мәдениеті және тілдері жайлы материал дайындап келген. Билік оны конституциялық құрылымды күшпен құлатуға ашық шақырды деп айыптап жатыр.