Дүниежүзілік банк Өзбекстанға болашақта зейнетке шығу жасын ұлғайтуға кеңес берді. Үкімет банкке «Өзбекстанда адам капиталы мен су шаруашылығы инфрақұрылымын тиімді қаржыландыру» есебін дайындауға тапсырма берген.
Есепке сәйкес, Өзбекстанда демографиялық өзгерістер мен егде жастағылардың көбеюі зейнетақы жүйесіне салмақ түсіріп отыр. Зейнетақы индексациясы айлық индексациясынан қалып қойды. Өйткені зейнеткер көбейді. Сол себепті зейнетақы жүйесін реформалау қажет.
«2019 жылы басталған салық реформасы зейнетақы жүйесіне соққы болып тиді: қаржыландыру көзінің қысқаруынан Зейнетақы қорының табысы азайды», — деп жазылған есепте.
2019 жылғы 1 қаңтарда жеке кәсіпкерлердің әлеуметтік салық мөлшері 25 немесе 15 пайыздан 12 пайызға дейін төмендеген.
Мәліметке қарағанда, 2020 және 2021 жылдары мемлекеттік бюджеттен Зейнетақы қоры дефицитін жабу үшін ішкі жалпы өнімнің 1,5 және 2 пайызы аударылып отыр.