Скриншот: ктк арнасы
Елдің орталық және шығыс өңірі ақтүтек бораннан екі күннен бері көз ашпай жатыр. Алыс жолға шықпауға ескерту жасағанымен, оны елемей жолға шығып қарға батқандарды құтқарушылар аршып әбігерге түсті.
Әсіресе, Шығыс Қазақстанда көмек сұрап хабарласқандардың саны артқан. Бір түнде «Семей- Алматы» бағытындағы тас жолда қар құрсауынан 60-тан астам көлік шығарылды. Олардың арасында 25 жолаушы мінген автобус пен ауыр науқасқа жете алмаған жедел жәрдем көлігі де бар.
Ал Қарағанды облысында екі күн бойы соққан дүлей желден 20 жолаушысы бар автобус аударылды. Ешкім қатты жарақат алмаған.
Боран тіпті аялдамаларды аударып, көпқабатты бір үйдің шатырын зақымдады.