“91” тобының киімі мен жүріс тұрысынан үркіп едік, аяғында “ұлы дала баласы” бұлардан “асып түсті” — Дана Нұржігіт.
Төреғали Төреәлінің сахнадағы ерсі әрекеті бірнеше күннен бері ел талқысында. Дөрекілік танытқан қарияға жауап беріп, концерттен қуған әншінің ісін көпшілік сынға алған-ды. Олардың арасында әнші-әртістер де, қарапайым халық та, тіпті ел ағалары да бар. Сондай-ақ, журналистер де үнсіз қалмақ емес. Танымал журналист Дана Нұржігіт бір кездері Төреғалидің танылуына атсалысқанына өкінетінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
“Қай бір жылы “Ұлы дала баласы” деген жобада осы жігіттің мансабының өскеніне, көкірегіне нан піскеніне “жұмыс істегеніме” өкініп, ұялып отырмын. Өзімнің жақыным абыройсыз қалғандай… Бірақ, сол жобада, түсіру алаңында шат па шұт мінезін байқаған едім. Сабырлық, сыпайылықтан ауылы алыс, кәдімгі люмпен-лидер, көшенің “дерзкий жігіті” – деп бастады сөзін ашынған журналист.
Дана Нұржігіттің айтуынша, Төреғали Төреәлі сыртқы келбетімен жұртты шошытқан 91 тобынан “асып түскен”. Мәдениет өкілі мәдениеттілігін тек сыртқы келбетімен емес, әрбір іс-әрекетімен көрсетуі тиіс деп есептейді ол.
“Мұндай аудитория бар. Білемін. Олардың лидері осындай болуы керек, иә. Бірақ, өнерде бұл псиxотиптегі кейіпкерді кумирге айналдыру қауіпті. Бұл нағыз мәдени регресс. “Ұлттық арна” болып өзіміз қолдан жұлдыз жасадық, мойындауымыз керек!
Ел аузында жүрген әнші ғой деп, рейтинг қуып… Шындықты айту керек! Тағы да сол рейтинг деген бәле алдымыздан шықты. Сол кезде рейтинг жинамасақ, бүгінгі бассыздыққа жол бермес пе едік… Көргенсіздіктің тамырына сол кезде балта шабу керек еді!
“91” тобының киімі мен жүріс тұрысынан үркіп едік, аяғында “ұлы дала баласы” бұлардан “асып түсті”.
Ақыры “төрештің” төрдегі тірлігін көріп отырмыз.
Бұл оқиғаның екінші жағы да бар. Нағыз мәдениет тобырға ермей, алда жүру керек екенін ұмытқанымызға көз жеткіздік.
Мәселе шапан киіп, қазақша ән айтып, қазақша сөйлеуде ғана емес, осы мәдениеттің өрелі өкілі болу керек. Музыкалық сауаттылық болу керек,ол бар жерде, саxна мәдениеті өзінен өзі болады. Осының дәлелі — Димаш.
Ал, мына шектен шыққан оқиға тв мен радио,шоу-бизнес өкілдері үшін де, тыңдарман үшін де белгілі бір рубикон болды. “Жетер енді!” дейтін кез келді! Билетке жұмсаған ақшаңды кері талап етіп,залдан шығып кету керек! Осыны жасаған бірде бір адам табылмағаны ма?” – деп түйіндеді сөзін журналист.
Дана Нұржігіт аталған жазбасын желіден өшіріп тастаған.