Дариға Назарбаева. фото: ortcom.kz
Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаева балаларға бір мезгілде қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне үйретудің аса қиындығы жоқ екенін айтты.
Бұл туралы ол Егемен Қазақстан газетіне берген сұхбатында мәлімдеді.
– Мұның несі мүмкін емес? Көптілділік әлемнің көптеген елінде қалыпты нәрсе. Туризмді дамытуға және инвестиция тартуға бағдар ұстаған мемлекеттер баяғыда-ақ көптілділікке көшіп қойған. Олар үшін бұл – тіршілік етудің, өркендеудің, табысты болудың кілті. Яғни, жұрттар шынайы жағдайға қарайды.
Біз өзге ешбір елге ұқсамаймыз және көптілділікке өз басымыздағы жағдайға байланысты келіп отырмыз. Қордаланып қалған барлық өкпе мен үрейді лақтырып тастап, осыны қабылдауымыз қажет. Адамдарды тіл үйренуге күштеп мәжбүрлеуге болмайды. Оларды тек ынталандыруға болады. Ең қуатты, табиғи ынта тіл иесі – қазақтардың өзінде. Олар тілді сақтап, сұранысқа ие, жеңіл игерілетін жасауы тиіс. Осы дұрыс, бұл аналық түйсікке бара-бар. Сондықтан мен отандастарымның бұл мәселедегі алаңдаушылығын түсінемін.
Басты міндет – қазақ тілін ұлтына қарамастан барлық оқушыларға жылдам әрі сапалы меңгерту әдістемесін әзірлеу және 2017 жылдан бастап енгізу. Қазақ тілін үйретуге және қазақ тілінде оқытуға бұрынғыға қарағанда көбірек уақыт бөлінетін болады.
Бірақ біз орыс тілін жоғалтпауымыз керек. Біріншіден, бұл тіпті қисынсыз. Билингвизм – біз сақтауға тиіс шындық.
Екіншіден, біз солтүстіктегі көршімен берік саяси және экономикалық байланыстамыз. Бұл ел қазақстандық өндірушілер үшін тиімді серіктес, тауарлар мен қызметтердің тұтынушысы.
Үшіншіден, ірі қалалардың, елорда мен облыс орталықтарының лингвистикалық ортасы, әлбетте, аралас болып келеді, бірақ орыс тілінің айтарлықтай үлесі байқалады.
Идеалдық тұрғыдан елдің барлық азаматы орыс тілінен қазақ тіліне, қазақ тілінен орыс тіліне оп-оңай көше алатын болуы тиіс, бары сол ғана. Алайда, лингвистикалық үдеріс те екіжақты болуы тиіс.
Яғни, орыстілділер қазақ тілін білмейтіндігіне байланысты өз қорқыныштарынан арылуы керек. Ал одан арылудың ең жақсы амалы – тілді үйреніп алу. Бес жүз сөз бен жиырма шақты сөйлем құрылымын үйреніп алуға болады! Бастапқыда осы да жеткілікті.
Егер осыған қол жеткізсек, онда елімізді танымай қаламыз. Түріктер, татарлар, өзбектер, әзербайжандар, балқарлар мен басқа да елімізде тұрып жатқан түркі халықтары бір жылғадан аттап өткендей-ақ қазақша сөйлеп кетеді! Өйткені, тіл туыс қой.
Ал орыстілді тұрғындарымыз өз қорқыныштары мен қысылып-қымтырылу сезімін жеңіп, қатемен, акцентпен болса да қазақша сөйлеп кеткен кезде біз көптен бері ұмтылып келе жатқан, ел Конституциясының бірінші сөйлемінде жазылған «Біз, Қазақстан халқы…» деген ұғым да пайда болады.
Байқасаңыз, осы айтып отырғанымның бәрі өткен заманның сынық кірпіштері толған қоржын арқалаған қазіргі үлкен кісілер туралы. Ал бірер аптадан кейін партаға отыратын балдырғандар 11 жылдан кейін мектептен ақылды, ашық, орыс тілінен қазақ тіліне, қазақшадан ағылшыншаға оп-оңай көше беретін дамыған адамдар болып шығады. Бұл – уақыт талабы, — деді Дариға Назарбаева.