ДДСҰ Түркіменстанның COVID-19 жоқ деген мәлімдемесіне күмәнданады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жоғары лауазым иесі Түркіменстанның елде Covid жоқ деген мәлімдемесіне күмәнданды. Бұл туралы BBC телеарнасы хабарлады.

«[Бұл] індеттің бүкіл әлемге тарағанына екі жылға жуық уақыт болды. Ғылыми тұрғыдан алғанда, вирустың Түркіменстанда болмауы мүмкін емес», — деді доктор Кэтрин Смоллвуд. Ол ДДСҰ-ның төтенше жағдайлар жөніндегі аға офицері болып істейді.

ДДСҰ Түркіменстанның коронавирус елде жоқ деген мәлімдемесіне бірінші мәрте күмән келтіріп отыр, өйткені бұл елді жайлаған вирус ресми түрде тіркелмейді, делінген телеарна мақаласында.

Түркіменстан коронавирус пандемиясы басталғалы бері ел аумағында бұл вирус тіркелген жоқ деумен келеді.

Еске салайық, Кэтрин Смоллвуд 2020 жылғы жазда ДССҰ миссиясын Түркіменстанға бастап барған.

Сол кезде ұйым миссия өкілдері елде коронавирус барын растай алмады, бірақ жоққа шығарған да жоқ. Дегенмен делегация Түркіменстан билігіне коронавирус кезінде қалай әрекет керектігіне қатысты кеңестерін берді.

Елде медициналық маска тағу, әлеуметтік арақашықтық сақтау міндеттелді. Содан бері Түркіменстанда екі мәрте локдаун жарияланды. Алғашқысы сегіз айға созылды, екіншісі үш айдан бері жалғасып жатыр. Карантин шектеулері тұрғындардың ауыр жағдайын одан сайын қиындатып жіберді.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий