Соңғы уақыттарда Қытайдан келген 23 адамның температурасы жоғары екені анықталып, 4 адам әртүрлі инфекция бойынша күдікпен ауруханаға жатқызылған, нақты диагноздары үш күнде белгілі болады.
Бұл ақпаратты бүгін Нұр-Сұлтан қаласында сыртқы істер министрлігімен бірге баспасөз мәслихатын өткізген Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов таратты.
Министрдің сөзінше, соңғы уақыттарда Қазақстанға Қытайдан 25 800 адам келген. Оның ішінде Қазақстан азаматтары да, шетел азаматтары да бар.
-Қытайдан Қазақстанға өткен адамдар жайлы ақпаратты шекара қызметі береді. Біз әрі қарай жергілікті атқарушы билік пен шекарадан өткен азаматтардың тұрғылықты емханаларына жолдаймыз. Сөйтіп, барлығы тексеріледі. Дегенмен, азаматтар өз еріктерімен келіп тексерілгені де жөн. Өйткені жұқпалы дерт белгілері 14 күн ішінде белгілі болады,- деді ол.
Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрлігі «Қытайда тараған коронавирус жұқпалы дертінің алдын алу шараларын жасап жатқанын, жұқпалы дерт Қазақстан аумағында тарай қалса, онымен күресуге дайын екендіктерін, қазіргі уақытта 4,5 мың науқас төсегін әзірлеп, медициналық құрал-жабдықтарын сайлап қойғанын» хабарлады. Министр Қазақстан азаматтарын Қытайға сапарламай қоя тұруға шақырды.
Баспасөз жиынына қатысқан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышевтің айтуынша Қытайдың Ухань қаласында оқитын Қазақстанның 98 студентін алып келу жөнінде арнайы комиссия құрылып, арнайы ұшақтың қай бағытпен баратыны, студенттерді Қытайдың қай жерінен алып кететіні жайлы Қытай билігімен келісіліп жатыр.
Қытайда коронавирус жұқпалы ауруынан өлгендер саны соңғы деректер бойынша 106 адамға жетіп, 1291 адамның жұқтырғаны анықталды. Көптеген шет мемлекеттер халқын Қытайға барудан тартына тұруға шақырып жатыр.
Коронавирусты жұқтырған адамдар Германия, Шри-Ланка,Малайзия, Оңтүстік Корея, Тайвань, Таиланд, Канада, Непал, Вьетнам, Сауд Арабиясы, Сингапур, Жапония, АҚШ, Франция, Австралияда кезіккен.
Қытай билігінің мәліметіне қарағанда коронавируспен ауырған алғашқы адам Хубэй провинциясының әкімшілік орталығы Ухань қаласындағы теңіз тағамдары базарын аралағандардың бірі. Уханьда 11 миллионнан астам адам тұрады.