Тәжікстандағы Таулы Бадахшан автономиялы облысының төрағасы Ёдгор Файзов қызметтен кетеді. Бұл туралы Азаттық радиосы тәжік қызметінің үкіметтегі екі дереккөзі хабарлады. Файзов бұл мәліметті растамады, жоққа шығарған да жоқ.
Озоди радиосы дереккөздерінің хабарлауынша, үкіметтегі ауыс-түйістер туралы 5 қарашада түстен кейін жарияланады.
Ёдгор Файзовты Таулы Бадахшан басшысы қызметіне 2018 жылғы қазанда президент Эмомали Рахмон тағайындаған. Содан бір ай бұрын автономиялы облыс белсенділерімен кездескен Рахмон жергілікті биліктің қылмыстық топтарға қауқарсыздығын сынаған. Мемлекет басшысы аймақта тәртіп орнатуға бір ай уақыт берген. Кейін автономиялы облыстың басшысы Шодихони Жамшед қызметтен алынған.
Ёдгор Файзов Таулы Бадахшан басшысы болып тағайындалғанға дейін Тәжікстандағы Аға Хан қоры бағдарламаларында жұмыс істеген.
Ёдгор Файзов 5 қарашада таңертең Озоди радиосы тілшісімен сөйлесіп, қызметтен кетеді деген мәліметті растамады, бірақ жоққа шығарған да жоқ.
Ёдгор Файзов – 60 жаста. ТБАО басшысы — Тәжікстан парламенті жоғары палатасы төрағасының орынбасары.